Бұл туралы Қостанай облысының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Александр Малашко мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңір аумағында республикалық референдум өткізу үшін барлығы 717 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның 700-і азаматтардың тұрақты тіркелген жері бойынша, ал 17-сі уақытша орналасқан жері бойынша ашылған. Барлық учаскелік референдум комиссияларында 4311 адам қызмет атқарады.
Дауыс беру 15 наурыз күні сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Дауыс беруге арналған бюллетеньде: «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады. Азаматтарға «Иә, қабылдаймын» немесе «Жоқ, қабылдамаймын» деген екі жауап нұсқасы ұсынылады.
Бюллетеньдер республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімдері негізінде, жеке басын куәландыратын құжатты көрсету арқылы беріледі. Егер азамат жеке куәлігін ұмытып кеткен жағдайда, eGov қосымшасы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы электронды нұсқасын көрсетуге болады.
Қостанай облысы бойынша республикалық референдумға 539 мыңнан астам азаматтың қатысу құқығы бар. Тұрғылықты жері өзгерген азаматтар басқа учаскеде дауыс беру үшін есептен шығару куәлігін ала алады. Ол үшін өзі тіркелген референдум учаскесіне барып, жазбаша өтініш береді. Учаскелік комиссия 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап 14 наурыз сағат 18:00-ге дейін есептен шығару куәлігін береді.
Дауыс беру кезінде азамат есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатын (электронды нұсқасын да) ұсынады. Есептен шығару куәлігі бір рет пайдаланылады және дауыс берген учаскеде қалады. Жоғалған куәліктер қалпына келтірілмейді. Бір елді мекен ішіндегі басқа учаскеде дауыс беру үшін мұндай куәлік берілмейді.
Денсаулық жағдайына, отбасы мүшесіне күтім жасау қажеттілігіне немесе шалғай, қатынасы қиын елді мекендерде болуына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру ұйымдастырылады. Ол үшін дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ге дейін жазбаша өтініш беру қажет.

Облыс тұрғындары өз референдум учаскесі туралы ақпаратты https://sailau.ikostanay.kz/ ресми веб-сервисі арқылы немесе 1315 нөмірі бойынша Бірыңғай Call-орталығы арқылы ала алады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген Василий Васильев
