Бүгін Жастар сарайы ғимаратында «Студенттік көктем – 2026» фестивалі салтанатты түрде ашылды. Фестивальдің ашылу рәсімі ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Сахнада талантты студенттер өнер көрсетіп, көрермендерге әсерлі концерттік бағдарлама ұсынды.
Ән мен би және заманауи шығармашылық нөмірлер кештің көркін қыздырды. Ашылу салтанатына Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінен басқа облыстың барлық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков сөз алып, студенттерді айтулы мерекемен құттықтап, байқаудың маңыздығына тоқтала келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Дәстүрлі жастар шығармашылығы фестивалі – «Студенттік көктем – 2026» 6–30 сәуір аралығында өтеді. Бұл ауқымды мәдени жоба өңірдегі студент жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналмақ.
Биылғы фестивальге өңірдің жеті бірдей жоғары оқу орнынан жиналған ең талантты әрі белсенді студенттер жиналған. Қатысушылар өз өнерін түрлі бағытта көрсетіп, креативті идеяларымен бөліседі.

«Студенттік көктем» – тек өнер мерекесі ғана емес, бұл – жастарды біріктіретін, олардың бастамаларын қолдайтын және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды мәдени қозғалыс. Фестиваль барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, тың идеяларын және өнерге деген заманауи көзқарасын паш етеді.
Ауқымды жоба студенттерді, оқытушыларды, қоғам өкілдерін және серіктес ұйымдарды қамтитын кең аудиторияны біріктіргелі отыр. Бұл өз кезегінде жастар шығармашылығына деген қызығушылықты арттырып, өңірдегі мәдени өмірдің жандануына ықпал етеді.

Фестивальдің қорытынды кезеңінде үздік командалар мен жеке қатысушылар анықталып, олар 2026 жылғы өңірдің студенттік шығармашылығының жарқын өкілдері ретінде танылады.
Айта кетейік, «Студенттік көктем – 2026» фестивалін Қостанай облысының Жастар ресурстық орталығы КММ-нің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, «Sanaly urpaq – 2050» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Жоба облыстық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Бұл фестиваль – дарынды жастарды анықтап қана қоймай, Қостанай облысы жастары арасында шығармашылыққа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды бастама.
БОТА МАНЕТ
