Студентке тиімдісі не?

Студентке тиімдісі не?

Бүгінде аймақта 34 колледж бар, бұл білім ордаларында 22 мыңға жуық студент білім алуда. Олар болашақта жоғары білім алып, маман иесі болу үшін әрі қарай білім алуды көздейді. Ол үшін қандай мүмкіндік бар, жолы қандай деген сұрақтарды А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өткен Ашық есік күнінде талқылады.

Колледж студенттеріне арналған Ашық есік күнінің жастарға берері мол. Іс-шара аясында оқу орны ректоры Сейітбек Қуанышбаев Қостанай облысындағы колледж директорларымен кездесті. Білім беру мекемелерінің басшылары кәсіптік бағдар беру саласындағы университет пен колледждер арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Бүгінде оқу орны студенттер контингентін 10 000-ға дейін жеткізуді міндет етіп отыр.

«Ол үшін колледждермен тығыз байланысымыз мақсатқа жетуімізге септігін тигізеді деген үміт бар» деді ректор өз сөзінде.

–Облыстағы көптеген колледждер – біздің стратегиялық серіктестеріміз, олармен бірнеше жылдан бері тығыз жұмыс жасап келеміз. Біздің өзара әрекеттестігіміз әр түрлі бағытта дамыған: тәжірибеге бағытталған сабақтар, оқытушыларымыз колледждерде өтетін түрлі байқауларға, олимпиадаларға төрелік етеді. Сондай-ақ, колледждер оқу бағдарламасында университеттің ғылыми-әдістемелік базасын пайдаланады. Бұл орайда Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі мен Қостанай политехникалық жоғары колледжімен өзара әрекеттесу тәжірибесін атап өткіміз келеді. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасымен бірлесіп білім беру бағдарламалары әзірленді, біздің студенттер жыл сайын Worldskills Kostanay кәсіби шеберлік сайысына қатысады.

Диалог барысында дөңгелек үстел қатысушылары колледж түлектерін А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-не оқуға түсуге ынталандыру механизмін анықтауға, сондай-ақ кәсіптік бағдар берудің бірлескен тиімді түрлерін табуға тырысты. Түстен кейін колледж студенттеріне университеттің ғамараттарына экскурсия ұйымдастырылып, білім беру бағдарламалары, колледжді бітіргеннен кейін ЖОО-ға түсу ережелері туралы ақпарат берілді, сонымен қатар қонақтар концерттік бағдарламаны тамашалады.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

 

Жаңалықтармен бөлісу