Шипа іздеген қазақ неге Ташкентке ағылады?

Шипа іздеген қазақ неге Ташкентке ағылады?

Еліміздің азаматтары шекара асып, шипа іздеуді әдетке айналдыр-
ды. Деректерге жүгінсек, ем үшін Ташкентке ағыла бастаған жұрт былтыр 7 мыңнан асты. Кейбірі арзан әрі сапалы қызметке дән риза, енді бірі кері әсерін көріп оралған. Бұл құбылыс нені білдіреді? Өзге елдің медицинасы біздікінен әлдеқайда дамыған ба, әлде…

Басқа елдің емі бал ма, әлде бизнес көзі ме?

Мамандардың айтуынша, Ташкенттегі медицина сапасына Кеңес дәуірінен қалған білім беру жүйесі мен тәжірибелі кадрлар әсер еткен. Мәселен, Ауған соғысы кезінде Өзбекстанда әскери госпитальдар көптеп жұмыс істеп, тәжірибелі дәрігерлер осы өңірге шоғыр-
ланған. Көптеген білікті маман кейін сонда орнығып, қазір олардың шәкірттері науқастарға қызмет көрсетіп келе жатыр.

«Оңтүстік Корея, Германия, Сингапур, Қытай, Израиль сияқты дамыған елдермен қоса, Ташкент пен Бішкекке барып емделетіндердің болуы бізді шын мәнінде алаңдатады. Қырғызстан мен Өзбекстандағы медициналық қызмет пен дәрігерлердің біліктілігін оң бағалап, сол жаққа ем іздеушілер көптеп барады. Біз өзімізді «Қазақстан – ТМД елдері арасында озық» деп есептейміз. Алайда халықтың бір бөлігі, тіпті, «бізден артта қалған» көрші елдің медицинасына сеніп, сол жаққа жүгініп жатады. Осындай тенденцияның себебін мұқият зерттеп, жан-жақты талдау жасау қажет», — дейді жергілікті әлеуметтанушы Төлеу Панияз.

Қалтаңызда қаражат болса, Ташкенттегі жеке емханалар арнайы шақырту жіберіп, шекарадан көлікпен қарсы алады, баспана тауып береді, дәрігерге де кезексіз кіргізеді. Осындай қызмет түрі кең етек алды. Ең бастысы, қызмет ақысы қолжетімді. Мысалы, дәрігер қабылдауы шетелдік азаматтар үшін шамамен 2 300 теңге болса, МРТ – 7 800 теңге, ЭЭГ – 3 700 теңге шамасында. Ал елімізде мұндай қызмет түрлері 25-50 мың теңге аралығында. Бұл деректерді бізге бірнеше рет барып, емделіп қайтқан жерлестеріміз жеткізді. Сондай-ақ шекара мәселесінде ешқандай кедергі жоқ. Бастысы, қолыңызда шетел төлқұжаты болуы керек.

Кәсіпкер жерлесіміз Жанұзақ Бейсенәлі көктемде Ташкенттің Самарқанд облысына қарасты жеке медицина орталығында халық емшісінің қабылдауында болғанын айтады.

«Самарқанд облысы, Қаттақорған ауданына қарасты «Эргеш ота» жеке медициналық орталығында болдым. Тамақ ішкізбейді, тек қайнатылған шөппен шай ішкізу арқылы емдейді екен. Барлық ішкі құрылысымды тазалады. Халық емшісі ғой. Денсаулығыма шипа таптым. Екі жетінің ішінде тоғыз келі жоғалттым. Бойым жеңілдеп, өзімді жақсы сезіндім. Өзіме ұнады. Бар-жоғы 500 мыңға жуық қаражат жұмсалды», – дейді ол.

Мұндай балама емге сенетіндер көп. Дегенмен бұл тәсілдердің бәрі ғылыми негізделмегенін ескеру қажет.

Қазақстан медицинасы жылдан-жылға дамып келеді. Мысалы, былтыр салаға 3,3 трлн теңге бөлініпті. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 5%-ына жетуге тиіс. Алайда халықтың бір бөлігі отандық медицинаға әлі де сенімсіздікпен қарайды. Себебі, өткен жылы медициналық мекемелердің үстінен жеті мыңнан астам арыз түскен. Шағымдардың негізгі себебі, сапасыз көмек, ұзынсонар кезек, қызметкерлердің дөрекілігі, дұрыс қойылмаған диагноз.

Мұндай жағдайлардан шаршаған азаматтар бірден шетелге бет алады. Соның бірі – Айжан Отарбаева.

«Бір емханаға барып, сансыз кезек пен әртүрлі диагноздан шаршадық. Бір нақты шешім қабылдайтын маман таппайсың. Ал Ташкентте толық жазылып қайттым», – дейді ол.

 

«Білікті мамандар өзімізде де бар»

Алдыңыздан «акалап» шығып, жылы қабақпен қарсы алып, іші-бауырыңызға кіріп тұрғасын, кез келген адам ауруын ұмытып кетуге бар. Бұл да менеджменттің, клиент тартудың бір жолы. Оның үстіне процедураларының бағасы да төмен болғасын, қалта жағдайына қарағандар сол жаққа баруға мәжбүр. Қостанайлық Азамат есімді тұрғын Ташкентке барып,  бел омыртқа арасындағы сүйектердің қажалуына ем алғанымен, кейін елге жеткеннен денсаулығы қайта сыр берген. Ол жақта да бәрі білікті, керемет деп айтуға келмейді. Айырмашылығы жылы қабақ танытып, жылдам тексерістен өте аласың. Бізде де мықты, білімді жас мамандар, тәжірибелі дәрігерлер бар.

«Мен ешкімге Ташкентке бар деп кеңес бермес едім. Бұрынғыдай емес. Былтыр күзде Ташкентте болдым. Аяғым бастырмай, бел омыртқаның арасына ет өскен деген диагноз қойды. Олар маған, бел омыртқама ота жасап, темір салу керек деген, шешім шығарды. Он күндей жеке клиникада ем-домын, екпе алып қайтып келдім. Артынша қайта ауырдым. Астанадағы ұлттық нейрохирургиялық орталыққа қаралап, жақында ота жасады. Бәрі сәтті өтті. Алдымен шет елге шабылмай, алдымен өзіміздің елдегі дәрігерлерге қаралыңыздар деп кеңес беремін. Ізденсеңіз, бізде де мықты мамандар бар», – деді ол.

Көршілес елге ем іздеп барып, алданғандар да бар. Онда сізге «он күннің ішінде жазыласыз» деп уәде береді, бірақ ешкім заң алдында жауап бермейді. Өзбек дәрігерін қазақстандық заңмен жауапқа тарту мүмкін емес. Ал біздің елде дәрігерлер заң алдында жауапты, сол себепті «жүз пайыз емдеймін» деп уәде бермейді.

Ташкентте екі жыл тұрған Таңшолпан Құрманәлиеваның пікірінше, өзбекстандық азаматтардың арасында ем іздеп Қазақстанға келетіндер де жоқ емес. Өйткені біздің елмен салыстырғанда, ала шапанды ағайын медицинаға көп қаржы бөлмейді.

– Егер Қазақстанда тегін емделетін диагноз болса, Ташкентке сабылудың қажеті жоқ. ТМД елдерінде басқа мемлекеттер медицинаға Қазақстандағыдай қаржы бөлмейді. Тіпті, біздің елімізде көптеген диагноз бойынша тегін емделеді. Өзбекстандағы балалар онкологиядан емделу үшін Ресейге барады. Мысалы, оларда ерекше қажеттілігі бар балаларға біздегідей арнайы квота қарастырылмаған.  Әрине, стоматология сынды кейбір саланы емдеу Ташкентте жақсы дамығанымен, онкология, аутизм диагноздарын емдеуде бізден ілгері емес. Біздің еліміздің медицинасы Еуропанікімен бірдей емді, дәріні қолданып, сол деңгейде ота жасаса да, азаматтарымыз Қазақстан медицинасына сенбей, Ташкентке барады», – деп пікір айтады әлеуметтік желіде медицина тақырыбын көтеріп жүрген белсенді Таңшолпан Құрманәлиева.

 

Өз бетімен барып, емделген шығынды мемлекет өтеп бермейді

Кез келген жұмыс істейтін азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Осы орайда «Бұл жарна арқылы шетелде емделуге бола ма?» деген сұрақ туындайды.

Қостанай облысы бойынша «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Батырбек Нұрғалиевтің айтуынша, қазақстандықтар шетелге тек ерекше жағдайда ғана емделуге жіберіледі. Ол үшін бірнеше талап орындалуы тиіс. Ең алдымен, науқасқа қажетті ем Қазақстан аумағында жүргізілмейтін болуы керек, шетелге жолданатын медициналық мекеме Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы бекіткен тізімде болуы шарт. Яғни, Ташкенттегі немесе басқа елдегі кез келген клиникаға өз бетімен барып, емделген шығынды мемлекет өтеп бермейді. Барлығы тек ресми жолдама және нақты ережелер аясында ғана жүзеге асады.

Иә, таяқтың екі ұшы бар. Өзбекстанға барып шипа тапқан да, өкініп қайтқан жерлестеріміз де бар. Екі елдің де медицинасының өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Ең бастысы, шешімді саналы түрде қабылдап, алданып қалмау.