Қостанайда тасаттық рәсімі өткізіліп, Тобыл өзенінің жағасына жиналған мұсылман жамағаты Алла Тағаладан жаңбыр жаууын тіледі. Игі шараға облыс тұрғындары, ақсақалдар, мешіт имамдары мен жастар қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – елімізде орын алған құрғақшылыққа байланысты елдің бірлігі мен тақуалығын арттырып, Жаратқаннан нөсер жаңбыр сұрау. Марал Ишан мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин жиналған жұртшылыққа тағылымды уағыз айтып, дұғаның қабыл болуы үшін шынайы тәубе мен ниеттің маңыздылығына тоқталды.
«Алла Тағала елімізге, жерімізге тыныштығын, амандығын, берекесін нәсіп етсін! Осы жерге арнайы елдің тілеуін тілеп келген барша мұсылманға жақсылық берсін, жасаған дұғалары қабыл болсын!» – деді бас имам.
Сабыржан Есмурзин уағызында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) және Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) заманында орын алған қуаңшылық оқиғаларын мысалға келтіріп, олардың қалай жаңбыр тілеу дұғасын жасағанын баяндап берді.
«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында жұма уағызы кезінде бір бәдәуи: «Уа, Расулалла! Жер қуаңшылықтан қурап қалды, біз бәрінен айырылып жатырмыз!» – деп мешітке жүгіріп келген. Сонда Пайғамбарымыз қолын көтеріп, жаңбыр сұрап дұға еткен. Дұға соншалықты шынайы болғандықтан, сахабалар оның қолтығының ақтығы көрінгенше қолын көтеріп, барлығы «әмин» деген. Сол мезетте жауын жауған», – деді имам.
Ибраһим пайғамбардың мысалында да қауымның ішінде шынайы мұсылман еместің болғаны жаңбырдың жаумауына себеп болғаны айтылып, бір адамның тәубеге келуімен Алланың рақымына ие болғаны түсіндірілді.
Имамның айтуынша, ауа райының өзгеруі, жаңбырдың жаумауы, егіннің шықпауы немесе шыққан өнімнің алынбай қалуы – тек табиғи факторға ғана байланысты емес. Бұл адамның рухани жағдайымен де тікелей байланысты.
«Өзін мұсылман санап, бірақ шын мәнінде сәждеге бас имеген, мұсылмандық амал жасамаған адам да жаңбырдың кешігуіне себеп болуы мүмкін. Сол себепті баршамыз: «Аллаһым, егер менің кесірімнен жаңбыр жаумай жатқан болса, менің күнәмді кешіре гөр!» – деп жалбарынуымыз қажет», – деді ол.
Екі рәкат истисқа намазы оқылды. Бұл – исламдағы арнайы жаңбыр тілеу намазы. Жамағат Алладан еліміздің барлық өңіріне мол жаңбыр жауып, жердің көгеріп, егіннің жайқалуы үшін дұға жасады. «Олжа Агро» серіктестігі тасаттық құрбандығын шалып, ірі қара малдың етін Қостанайдағы 25 мұқтаж отбасыға таратты. Бұл игі іс – қайырымдылық пен ауызбіршіліктің жарқын көрінісі болды.
Имам сөз соңында Пайғамбарымыздың хадисін келтірді:
«Мұсылман адам өз бауырына өзі қалаған нәрсені қаламайынша, жәннаттың иісін де сезбейді».
Бұл – мұсылманшылықтың өзегі бауырмалдық пен шынайылық екенін еске салып, әр адам өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға пайда әкелетін тақуалықты ұстануға шақыру болды.
Қостанайда өткізілген тасаттық рәсімі – рухани жаңғыру мен ұлттық бірліктің, мұсылмандық ниет пен тәубенің көрінісі болды. Жиналған жамағат бір ниетпен, бір тілекпен дұға етіп, елімізге тыныштық, жерімізге молшылық тіледі. Алла Тағала тасаттықты қабыл етсін!
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суретке түсірген Бағдат Ахметбеков