Қызмет пен отбасын қатар алып жүруден асқан бақыт жоқ

Қызмет пен отбасын қатар алып жүруден асқан бақыт жоқ

«Әйел әлемінің» бүгінгі кейіпкері– бес баланың аяулы анасы, жүздеген мәселені салмақтап шешетін мемлекеттік қызметші, ұжымына талапшыл басшы әрі халыққа жанашыр жанҚарлығаш Төлегенова. Қостанай облыстық мәслихаты аппаратының басшысы үшін мемлекеттік қызмет жай ғана жұмыс емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында біз Қарлығаш Қонысбайқызын жақыннан танып, елге қызмет етудің шынайы бейнесін ашуға тырыстық.

Мемлекеттік қызмет –асқан жауапкершілікпен қатар, адалдықты талап ететін салалардың бірі. Бұл – ел мен халық арасындағы алтын көпір, сенім мен әділет жолы. Ол осы салада жиырма жылдан астам уақыт адал еңбек етіп келе жатыр.

Еліміз егемендік алған жылдардан бері мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар түбегейлі реформалар жүргізіліп, меритократия қағидаттарына негізделген жаңа кәсіби мемлекеттік қызмет формасы қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтып, халыққа адал қызмет көрсететін сервистік үлгіге көшіруді басым бағыт ретінде атап өтті. Бұл идеямен толықтай келісетін Қарлығаш Төлегенова үшін мемлекеттік қызмет – тек жұмыс емес, өмірлік ұстаным, азаматтық борыш.

Қарлығаш Конысбайқызы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетізаң мамандығыныңтүлегі. Кәсіби еңбек жолын кеден органдарында бастап, капитан шеніне дейін көтерілген. Енді міне, Қостанай облыстық мәслихатында қызметін жалғастырып келеді.

«Бұл жол – менің саналы таңдауым. Мемлекеттік қызметші әрдайым ел мүддесін жоғары қоятын, адал, кәсіби әрі халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін тұлға болуы керек. Мен үшін бұл таңдауым тек жұмыс емес, белгілі бір өмір сүру салты», – дейді Қарлығаш ханым.

Кейіпкеріміз– көп балалы ана. Бес баланың тәрбиесі мен жоғары мемлекеттік қызметті қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі.Отбасы мен қызметін қатар алып жүрген адамды тәуекелге басын байлаған әрі содан бақытын тапқан жан десек, артық айтқандық емес.Отағасы Азамат – сенімді серігі, өмірлік тірегі. Екеуі де барлық шешімді бірлесе отырып қабылдайды.

«Бесбаланыңанасымын. Үлкен қызым Диана тұрмыста, Айдана – әл-ФарабиатындағыҚазҰУ-дың 2-курс студенті. ҰлдарымАрыстан мен Әлиханмектептеоқиды, кенжеқызымЯсминбалабақшағабарады.Мен балаларымды қатаң тәрбиелеймін әрі талапшылмын, бірақ олармен тең дәрежеде сөйлесуге тырысамын. Рас, «баланы бастан» деп бекер айтпаған, бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды еш босаңсытуға болмайды. Бастысы – олар өз беттерімен шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі жоғары азамат болып өссе екен деймін. Отбасымызда үлкендер кішілерге қарайласады, үй тапсырмасын бірге отырып талқылаймыз», – дейді ол.

Бос уақытында Қарлығаш ханым бисермен түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды ұнатады. Дизайн мен әсемдікке жақындығы, оның эстетикалық талғамының көрінісі.

«Егер кәсіби жолым басқаша қалыптасқанда, мен интерьер дизайны саласында жүрер едім. Мен ұсақ-түйектерге мән беремін, әдемілікті, әсемдікті жаным жақсы көреді. Әр нәрседен сұлулық табамын. Бос уақытымда моншақтан бұйымдар жасаймын – бұл өте еңбекқорлықты қажет етеді, бірақ қызықты іс. Бұл кәсіп мені тыныштандырады, ойлануға мүмкіндік береді. Өз қолыммен жасаған дүниелерімді жақындарыма сыйлағанды ұнатамын – бұл мен үшін мейірім мен жылулықпен бөлісудің бір жолы шығар», — дейді ол.

Қызметтегі басты ұстанымы – заң аясында, ашық әрі әділ жұмыс істеу. Өзінен де, өзгеден де тәртіп пен сапалы нәтижені талап етеді. Қызметтестері оның кәсібилігін, жауапкершілігін және талапшылдығын жоғары бағалайды.

«Мемлекеттік қызметші де сондай, біздің әрбіріміз – мемлекет деген алып құрылымның бөлшегіміз. Әр бөлшек дұрыс жұмыс істемесе, тұтас құрылым зардап шегеді. Сондықтан кез келген адам өз жауапкершілігін сезінуі, сол жауапкершілікті адал атқаруы тиіс. Қателіксіз жұмыс болмайды. Бірақ мен әрдайым заң аясында, әділ шешім қабылдауға тырысамын. Ал ұжымда бастысы, командалық рух пен сенім», – дейді кейіпкеріміз.

Қарлығаш Төлегенованың жұмысыоблыстық мәслихат депутаттарымен тығыз байланысты. Бұл жауапты әрі қарқынды бағыт. Халықтың мүддесін қорғайтынәр депутаттың өзіндік көзқарасы бар.

Мысалы, облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов, комиссия төрағалары Махаббат Жутаев пен Серік Манасбаев сынды халық қалаулылары аймақтың әлеуметтік, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы салаларында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

«Нағыз халық қалаулысы – ол принципті, әділетті, ашық адам. Біздің депутаттар дәл сондай. Кез келген іске бейжай қарамайды. Олар халық пен билік арасындағы сенімді көпір бола біледі», – деп атап өтті Қарлығаш Қонысбайқызы.

Мемлекеттік қызметшінің жұмысы көзге көріне бермейтін, бірақ ел дамуына тікелей әсер ететін маңызды еңбек. Қарлығаш Конысбайқызы – осы саланың шынайы жанашыры, кәсібилігімен қатар адами қасиетімен де көпке үлгі болатын тұлға.