Облыстық маңызы бар «Қойбағар-Қарасу-Севастополь» бағытындағы автожолды жөндеу және қайта қалпына келтіру іс-шаралары жалғасуда. Аталған жұмысты биылғы 1-қыркүйекке дейін бітіру жоспарланған. Бұл туралы Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Былтыр көктемде Қарасу ауданындағы бес көл қатар тасып, Қостанайға келетін күре жолды су басты. Кейбір бағыттағы ішкі жолдар да жырылып, ауыл арасында көлік қатынасы үзілген-ді. Сол кезде аудандық маңыздағы «Новоселов-Қарасу», облыстық маңызы бар «Қарасу-үлкен Чураков» және «Қойбағар-Қарасу-Севастополь» автожолдарын су шайып кетті. Бүгінде аталған олқылықтар қалпына келтіріліп, аудан ішінде және облысқа қатынайтын жолдар ашылды. Мысалы, Новоселов ауылына емін-еркін барып келу үшін көпір өткелі салынды. Көпірдің астына су өткізуге арналған сегіз бетон құбыр орнатылған. Аудан әкімі Қайрат Темірханұлының айтуынша, «Қарасу-үлкен Чураков» бағытындағы қайта қалпына келтіру іс-шаралары аяқталыпты. Көліктердің жүруіне кедергі жоқ. «Қойбағар-Қарасу-Севастополь» автожолында қызу тірлік жалғасуда. Бұл жерде су өткізу құбырларын монтаждау жүзеге асырылады. Содан кейін ғана асфальт төселмек.
«Біздің аудан көктемгі су басу қаупі жоғары аймақ. Барлығы 39 елді мекен бар, соның 16-сы жыл сайын қауіпті аймаққа кіреді. Осы 16 елді мекенді көп жылдан бері көктемде су алып кетеді. Былтыр су қатты тасып, әбігерге түстік. Жиналған су басқа арнаға ағызып жіберу үшін қазылған канал арқылы кетті. Канал іске қосылғалы бері су деңгейі түсіп, қауіп сейілді. Бұл канал өз жұмысының нәтижесін өте тамаша дәлелдеп берді. Бізде төтенше жағдайлар органдарымен бірлесе әзірленіп, бекітілген күн сайынғы жұмыстардың жоспары бар. Жедел штаб құрылған. Көктемгі тасқын кезінде бірлесе шешім қабылдап, үлкен жұмыс атқардық. Биыл қаңтар айынан бастап су басу қаупі жоғары елді мекендерді назарда ұстап, былтыр жіберілген олқылықтарды ескере жұмыс істедік», – деді Қайрат Оспанов.
Брифингте Қарасу ауданының соңғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндалды. Ол туралы толығырақ газетімізге жазамыз.
Қымбат ДОСЖАНОВА
