Саяжай қоғамдарындағы ахуал ауыр

Саяжай қоғамдарындағы ахуал ауыр

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұратын халықтың жай-күйімен танысып, қалау-тілектерін тыңдап, қолдау шаралары туралы ақпарат беру процесі белсенді жүріп жатыр. Бүгін қалалық Ардагерлер кеңесі жанынан ұйымдастырылған штаб мүшелері Тобыл жағалауындағы саяжай қоғамдарын аралап шықты.

Облыс әкімі бастамасымен құрылған қоғамдық комиссия қазір табиғи апатқа душар болған аудан-қалаларға барып, тұрғындардың жағдайымен танысып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысуға кірісті. Мұндай шаралар облыс орталығында және Тобылдың арғы бетіндегі Қостанай ауданында да үздіксіз жүргізіліп жатыр.

«Мақсатымыз – тасқын болған елді мекендерде тұрғындармен кездесіп, ахуалдарымен жақын танысып, сұрақ-сауалдарына жауап беру, талап-тілектерін тыңдау. Оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары туралы ақпарат беру. Гуманитарлық көмек бөлу кезінде, бағалау комиссиясы жұмысы барысында және басқа да шаралар кезінде екі жақты түрлі мәселе туындайтыны да бар. Осы жұмыстарды үйлестіру – біздің басты міндетіміз. Қазір бір мезетте бірнеше топ әр бағытқа бөлініп, зардап шеккен учаскелерде жұмыс істеп жатыр», – дейді облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Серік Бектұрғанов.

Тасқын су құрсауында қалған саяжай қоғамдарының бірі «Геолог» аталады. Ол облыс орталығындағы КСК шағын ауданының етегінде орналасқан. Осы учаскелерге жауапты тұлғалардың мәліметінше, өзен жағалауына жақын орналасқан үйлердің ешқайсысы тасқын-селден аман қалмаған. Олардың үшеуі ғана заңды тіркеуі бар баспана екен. Қазір бұл аумақта су тартылған. Бірақ әзірге бақша салмақ түгілі, қалың қоқыстан аршып алудың өзі мұң болып отыр.

«Тасқын екпінінің қатты болғаны соншалық, сәкілерді, будкаларды ағыс алып кетті. Іздеп көріп едік таппай қойдық. Су кейбір үйлердің шатырына дейін жетті. Үйіміз құрғап үлгерген жоқ, не істеп, не қоярымызды білмей, әлі абдырап отырмыз. Айналамыз адам көргісіз. Барлық дүние-мүлкімізді су шайып кетті. Қатты зардап шектік. Дегенмен әкімдікке өтемақы алуға өтініш беріп қойдық», – дейді осы маңның тұрғыны Светлана Затворная.

Саяжай қоғамына арнайы барған штаб өкілдері оның мекенжайын, байналыс нөмірлені жазып алып, қиын жағдайда отырған тұрғындарға барынша қолдау көрсетілуіне ықпал жасауға тырысатындарын айтты.

«Қазіргі таңда саяжай қоғамдарының тұрғындарына бір реттік жәрдемақы беру, су астында қалған үй-жайын қалпына келтіруге өтемақы тағайындау мәселесі әлі анықталған жоқ. Дегенмен біздің мақсатымыз – қолдау-көмекке мұқтаж адамдардың жәрдем берілуі керек жандар тізімінен табылуына себепкер болу. Қажет болған жағдайда штаб басшылығымен кеңесе отырып, қол көмегін тигізуге осы аумақтарға еріктілер жұмылдыра да аламыз. Бірақ ол тұрғындардың қалауы бойынша жүзеге асады», – дейді штаб мүшесі Мирас Адамбаев.

Мұндай жұмыстар «Колесные ряды», «Садовод» және басқа да саяжай қоғамдарында да жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтармен бөлісу