Арқалық өңірлік штабы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетілетіні жөнінде халықпен кездесіп, нақты әрі жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Штаб мүшелері бүгін де әдеттегідей су тасқынынан зардап шеккен бірнеше тұрғынды қабылдады.
Қалаға қарасты Родина ауылында болды. Су кірген бірнеше үйлерді аралады.
Белгілі болғандай, су әлі толық кетпеген.
Тұрғындар суды сорғызып, үйлерін сақтап қалуға тырысып жатыр. Ауыл әкімімен жүздесті.
«Өмір болғасын түрлі отбасылық жағдайлар кездеседі. Ажырасып жүргендер, тұрғын үйге құжатын толық рәсімдемей төтенше жағдайға ұшырағандар бар. Мұндай жағдайда жергілікті билік елдегі бизнесмендердің, кәсіпкерлердің, қарапайым халықтың күшімен құрылған қоғамдық қорға жүгіну арқылы мәселені шешулері керек”, – деді өңірлік штаб мүшесі, облыс әкімінің әйелдер және отбасы істері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «BEST kz» білім және туризм орталығының директоры Гүлмира Қапенова.
Мемлекет заң арқылы бере алмайтын тұрғын үйлерді, үйдің жөндеуіне берілетін қаражатты қоғамдық қор арқылы реттеп немесе бүлінген мүліктің орнын толтыруға болады. Көптеген үйлер суға шыдас беріп қалғанымен, оның ішіндегі мүліктері жарамсыз болып қалған.
Адамдар тұруға жарамсыз болып қалған үйлерінің сыртында бүлінген мүліктерінің де шығынын түгендей алады. Егер, апат салдарынан денсаулығы бұзылса, емделуіне жәрдем беріледі. Мұның сыртында үкіметтің қаулысымен су басқан өңірлердің балалары жазғы демалыс уақытында шипажайларға тегін барып демалуларына болады.
“Мемлекет көрсетіп жатқан көмектің барлық түрлерін тұрғындар жасқанбай келіп, жергілікті атқарушы органдарға, өңірлерден құрылған штабтарға айтуларына әбден болады», – деді Гүлмира Қапенова.
Арқалық қалалық «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу ортылығында» су тасқынынан зардап шеккен бірнеше көпбалалы жалғызбасты аналар орналасқан. Штаб мүшелері олардың да жағдайымен танысты.
«Өкінішке орай әрбір отбасында дерлік мүгедек балалар бар. Бұл аналардың тұрмысын одан әрі ауырлата түседі. Себебі, олар толыққанды еңбек етіп, қаражат таба алмайды. Балаларды емдету керек” – деді Гүлмира Қапенова.
Мұнда Үкімет тарапынан көп жұмыстар атқарылуда. Аналар мұнда өздерінің қауіпсіз екенін сезінеді. Толық тамақ, медициналық көмектер алады. Жаңа өмір бастап, жаңа мамандық табуларына жәрдемдеседі.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы