Қостанай қаласында ресми түрде бекітілген, суға шомылуға арналған төрт орын бар. Олар қалалық орталық жағажай, “Мишутка”, “Мохито”, “Ақ Шаңырақ” демалыс базалары. Шомылу маусымы басталғалы бері аталған жерлерде қауіпсіздік іс-шаралары күшейтілген.
Қалалық ТЖБ бастығы Алмаз Төлендиннің айтуынша, су айдындары ерекше бақылауда. Төтенше жағдайлар басқармасының жедел құтқару тобы күн сайын кезекшілікке шығып, қатердің алдын алуда. Рейд нәтижесінде қала тұрғындары арнайы бекітілген жағажайлардан тыс рұқсат етілмеген орындарда суға түсетіні анықталып отыр. Әсіресе, “Геолог” бау-бақша бірлестігі, “Текстильщик” кооперативі, “Дорожник” бақша бірлестігі, “Корей көпірі” аумағы, Гагарин бөгетінің маңы, ҚТБК шағын ауданындағы жағажай және “Ақ шаңырақ” демалыс базасы мен шағын көпірдің арасындағы орынға барып, шомылатындар көбейген. Негізінде, аталған жерлерде суға түсуге тыйым салынған. Себебі, ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Бірақ, оған пысқыратын ешкім жоқ.
– Ресми белгіленген, шомылуға рұқсат етілген жағажайларда қауіпсіздік ережелері сақталған. Жүзу аумағы қоршалған, балаларға арналған ерекше аумақтар қарстырылған. Жүзу және құтқару құралдары, радиобекет, ақпараттық стенд қойылған. Тегін суға түсуге болатын қалалық жағажай биыл ерекше күтімге алынғанын білесіздер. Жағалау қоқыстан, шылаудан, қамыстан тазаланып, киім ауыстыру орны және көлеңкелеп отыруға арналған қолшатырлар, құтқарушы мұнарасы орнатылды. Дәретхана мен тамақтану орны, балалар ойын алаңы да ашылды. Болашақта қоғамдық жұмысшыларды құтқару қызметіне жұмылдыру үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хат жолдадық. Бұл ұсыныс қолдау тауып жатса ниет білдірушілерді оқытып, құтқарушылар жасағының қатарына қосамыз, – деді қалалық ТЖБ бастығы А.Төлендин.
Рұқсат етілмеген қауіпті аймақтарға “Шомылуға тыйым салынады!” деген он сегіз ескерту белгісі қойылыпты. Мұндай жерлерді қадағалау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бақылау барысында өз беттерінше, ата-ана қарауынсыз суға түсуге баратын балалардың бары да белгілі болды. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ересектердің қарауынсыз шомылып жүрген балаларды үйлеріне қайтарып, олар туралы ата-аналары мен білім бөліміне хабарлап отырады. Шомылу ережесін бұзуда ересектер де қалысар емес. Мас күйінде суға түскен азаматтар арасында 19 әкімшілік хаттама толтырылыпты.
– Облыстық ТЖД жедел-құтқару тобының мамандары Тобыл өзенінің жағасын күзету кезінде мамыр айынан бастап осы уақытқа дейін бес адамды ажал аузынан арашалады. Оның біреуі 2009 жылы туған бала. Қуанышқа орай, соңғы үш жылда суға кету фактілері азайды. 2021 жылы қалада суға кету бойынша алты дерек, 2022 жылы екі дерек тіркелді. Биылдыққа суға кетіп, қайтыс болған адамдар туралы ешқандай дерек жоқ, – деді қалалық ТЖБ бастығы А.Төлендин.