Роботтар цехқа кірді: Қостанай өндірісіндегі технологиялық төңкеріс

Роботтар цехқа кірді: Қостанай өндірісіндегі технологиялық төңкеріс

Қостанай облысының зауыттарында енді өндіріс тек адамның қолына қарап тұрған жоқ. Бүгінде өңірдің ірі кәсіпорындарында кемінде 153 өнеркәсіптік робот пен роботтандырылған кешен жұмыс істейді. Олар көлік құрастырып, кузов дәнекерлеп, бояу жағып, бөлшектерді тасымалдап, күрделі технологиялық операцияларды адамның орнына дәлдікпен орындап жүр. Бұл – Қостанай өндірісінің жаңа дәуірге аяқ басқанының айқын белгісі.

Өнеркәсіптегі робот бұрын ғылыми-фантастикалық фильмдерден көрінетін технология болса, бүгінде ол Қостанай зауыттарының күнделікті жұмыс процесіне айналып келеді.

Әсіресе автомобиль жасау саласында роботтандырудың қарқыны айқын байқалады. «KIA QAZAQSTAN» кәсіпорнында 68 роботтандырылған жабдық пайдаланылса, «KamLitKZ» зауыттарында олардың саны шамамен 51-ге жетеді. Ал «СарыарқаАвтоПромда» 24 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді.

Бұл роботтар өндірістік желіде жай ғана қозғалып тұрған механизмдер емес. Олар нақты міндет атқарады. Бірі кузовтарды дәнекерлейді, енді бірі бояу жұмыстарын жүргізеді. Кейбірі мастика мен герметик жағады, бөлшектерді тасымалдайды, штамптайды, калибрлейді. Токарлық және тісті өңдеу сияқты күрделі операциялар да автоматтандырылған жүйелердің көмегімен орындалады.

Технологияның дамуы өндірістегі кадрларға қойылатын талапты да өзгертеді. Роботтың көбеюі адам еңбегінің маңызы азайды дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа технологияны түсінетін, оны басқара алатын және өндірістік процесті талдайтын мамандарға сұраныс артып келеді.

Осы бағытта кәсіпорындарда қызметкерлерді оқытудың жаңа тәсілдері енгізілуде.

Сұлтан Бекмағамбет өндірістегі мамандарды даярлаудың заманауи әдістерімен таныстырды. Бүгінде қызметкерлерді оқыту барысында виртуалды шындық технологиялары – VR құралдары кеңінен қолданылып келеді.

Арнайы көзілдірік арқылы жұмысшылар қозғалтқыштың құрылымын, оның жұмыс істеу принципін және түрлі өндірістік процестерді теориялық тұрғыда меңгере алады.

«Сонымен қатар, стендте Chevrolet Onix автокөлігінің қозғалтқышы қойылған. Қызметкерлер оны өз көздерімен көріп, құрылымын жан-жақты зерттей алады. Бұдан бөлек, бізде арнайы бұрандалы стендтер бар – олар горизонтальды және әртүрлі бұрыштарда орналасқан. Бұл құрылғылар қызметкерлерге нақты өндірістік жағдайларға бейімделіп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді», – дейді Сұлтан Бекмағамбет.

Оның айтуынша, электроника бағыты да назардан тыс қалмаған. Арнайы оқу жүйесінде автокөліктегі түрлі датчиктер мен басқару жүйелерінің жұмыс істеу принциптері көрсетіліп, түсіндіріледі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев