Бүгін Медет Смағұлов есімді азамат тасқыннан кейін аралда қалған Жанкелдин ауданындағы Тәуіш ауылында ішетін ауыз су жоқтығын айтып, жазба қалдырды.
“Аудан әкімінің орынбасары Талпақов деген азамат: “Аманкелді немесе Арқалықтан тасып ішіңдер!”, – дейді. Негізі кім жауапты? Ауру малдар көмілген орындар шайылғандықтан тасқын суды ішуге болмайды”, – деп жазды Медет Смағұлов.
Осының мән-жайын білмекке Жанкелдин ауданының әкімдігіне хабарластық.
“Тәуіш ауылында бірінші кезде су болмағанда ауданнан үлкен цистерна жіберілді. Әскерилер келіп, содан бері бір жеті тұрды. Олар кеткеннен кейін де қазір резервуарда су қалды. Содан халық алып жатыр. Бүгін аудандық коммуналдық мекемесінің адамдары тексеріп жатыр. Су айдайтын трансформаторы тасқын судың ортасында тұр екен. Мүмкіндік болса, резервуарды толтырады”, – деген жауап алдық аудан әкімдігінен.
Бұл жағдай әлі де назарымызда болады.