Қызылша дерті меңдеп тұр Василий Васильев

Қызылша дерті меңдеп тұр

Қостанай облысында эпидемиологиялық жағдай алаңдаушылық тудырып отыр. Жыл басынан бері өңірде қызылша ауруының 58 жағдайы тіркелген. Көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,0-ді құрап, 2025 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 2,9 есе өскен.

Мамандардың мәліметінше, қызылшаға шалдығу деңгейінің артуы өткен жылдың қараша айынан бастап байқала бастаған.

Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – вакцинацияланбаған адамдар. Тіркелген жағдайлардың 86,2 пайызы, яғни 50 адам екпе алмаған. Оның ішінде 21 жағдайда ата-аналар вакцинациядан бас тартқан, 13 бала екпе жасына жетпеген, 11 адамда екпе статусы анықталмаған, ал 5 адамға медициналық қарсы көрсетілім берілген.

Ең көп жағдай Қостанай және Арқалық қалаларында тіркелген. Қостанай қаласында – 24, Арқалық қаласында – 23 жағдай анықталды. Сонымен қатар Рудный, Лисаков қалалары мен Қостанай, Амангелді, Әулиекөл, Ұзынкөл аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелді. Жас ерекшелігі бойынша қызылша көбіне балалар арасында таралуда. Аурудың ауыр өтуіне байланысты 58 науқастың 54-і ауруханаға жатқызылды.

Қызылша – ауа-тамшы жолымен таралатын өте жұқпалы вирустық инфекция. Ауру қоздырғышы жөтелу, түшкіру, сөйлеу кезінде ауаға таралып, сол ортада екі сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Вирус желдету жүйелері мен лифт шахталары арқылы басқа бөлмелерге де оңай өтеді. Сонымен қатар, вирус жұққан заттарды ұстағаннан кейін қол арқылы ауызға, мұрынға немесе көзге тиген жағдайда да жұғу қаупі бар. Иммунитеті жоқ адамдардың қызылшаға шалдығу ықтималдығы шамамен 95 пайызды құрайды. Ең қауіптісі – науқас адам алғашқы белгілер пайда болмай тұрып, шамамен бес күн бұрын айналасындағыларға жұқтыра бастайды.

Қызылша арнайы емді талап етпейтін, бірақ ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін ауру. Ол өкпенің қабынуы, жүйке жүйесінің зақымдануы сияқты күрделі жағдайларға соқтырып, кейде өлімге де алып келуі мүмкін. Сондықтан аурудан қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация.

Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация балаларға екі рет жүргізіледі: алғашқысы 12–15 айлық жаста, екіншісі 6 жаста. Бұл екпелер тұрақты иммунитет қалыптастырады. Қызылшамен ауырмаған және бұрын вакцинацияланбаған адамдар науқаспен байланыста болған жағдайда, 72 сағат ішінде шұғыл екпе алуы тиіс.

Өңірдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес, Қостанай облысында 6 айлық балаларға қосымша вакцинация жүргізілуде. Барлық екпелер мемлекеттік емханаларда тегін салынады.

Мамандар қызылшаға әрбір егілмеген адам міндетті түрде шалдығатынын ескертеді. Сондықтан вакцинация мерзімдерін қатаң сақтау, алдын алу шараларын орындау – әрбір ата-ананың және қоғамның ортақ міндеті. Өз денсаулығыңызды және балаларыңыздың болашағын қорғаудың ең тиімді жолы уақытылы екпе алу.

       Айтолқын АЙҚАДАМОВА