Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттері бөлімі қазақ халқының көрнекті ағартушысы, педагог, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Ұлы даланың дара ұстазы» атты кітап көрмесінің тұсауы кесілді.
Тағылымды шара ұлт ұстазының өмірі мен мол мұрасын насихаттауға, жас ұрпақтың рухани танымын кеңейтуге арналды.
Кеш шымылдығын «Жұлдыз» домбыралы студиясы қазақтың қара домбырасының күмбірлеген күйімен ашып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Іс-шара барысында жүргізушілер Ыбырай Алтынсариннің қазақ халқының болашағын біліммен байланыстырған тарихи тұлға екеніне тоқталып, оның зайырлы мектептің негізін қалаушы, ұлттық сананы оятқан кемеңгер ұстаз ретіндегі рөлін ерекшелеп айтып берді.

Кешке арнайы шақырылған қонақтар қатарында ыбырайтанушы-ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серікбай Оспанов, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ғалым-педагог Биялаш Сүйінкина, Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі басшысының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Ағыбай Нұғыманов және Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушылары, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары мен студенттері болды.

Алғашқы құттықтау сөзді Серікбай Оспанов алып, ұлы ұстаздың ағартушылық жолы, ғылыми мұрасы мен зерттелу тарихы туралы мазмұнды ойларымен бөлісті. Ол Ыбырай еңбектерінің бүгінгі қоғам үшін маңызын баяндады.

Биялаш Сүйінкина Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеяларының қазіргі білім беру жүйесіндегі сабақтастығына тоқталып, ұлы ағартушының шәкірт тәрбиелеудегі әдіс-тәсілдері мен адамгершілік қағидаларының бүгінгі күні де өзектілігін жоймағанын жекізді.

Кеште кітапхана ішіндегі «Ақ қауырсын» әдеби клубының мүшелері тәрбиенің қайнар көзі болған Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» атты ғибратты әңгімесінің желісімен сахналанған қойылымды көпшілік назарына ұсынды. Қойылым жас ұрпақты еңбекқорлыққа, қанағатшылдыққа, қарапайымдылыққа үндейтін тағылымды мазмұнымен ерекшеленді. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының ұстаздары сөз сөйлеп, оқушылары ұлы ағартушының шығармаларын мәнерлеп оқыды.


Бұл – ұлт ұстазы салған сара жолдың жалғастығын айқындай түсті. Алтынсарин мемориалдық музейі басшысының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева ұлы ағартушыға арнаған жүрекжарды өлеңін оқып, кеш мазмұнын тереңдете түсті.
Арнау өлеңде Ыбырайдың ұлт руханиятындағы орны, ағартушылық миссиясы мен тарихи тұлғасы көркем тілмен өрнектелді.
Іс-шара соңында қонақтар кітап көрмемен жақынырақ танысып, ұлы тұлғаның өмірі мен еңбектеріне қатысты құнды деректермен танысуға мүмкіндік алды.
«Ұлы даланың дара ұстазы» атты көрме жыл бойы оқырмандарға қызмет көрсетеді. Ыбырай Алтынсариннің мол мұрасы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін сарқылмас рухани қазына. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлы ұстаздың өнегелі жолы ұлықталып, жас буынға бағыт-бағдар берері сөзсіз.
Ботакөз Дүйсембаева,
кітапханашы
