Биыл мақтан тұтар жерлесіміз, белгілі қолөнер шебері, тарихшы, өлкетанушы, Әлемдік Шыңғысхан Академиясының құрметті академигі, Абылайхан атындағы халықаралық конференцияның «Алтын медалінің» және «Қазына» сыйлығының екі мәрте иегері, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдәұлының 80 жас мерейтойы.
Дарынды тұлғаның мерейтойына орай, Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Көнеден қалған көрікті өнердің ұстасы» атты көрме құрылды.
Ұлттық өнерге арналған игі істің жолы ашық болсын деген ниетпен көрменің тұсаукесері ұйымдастырылып, кермесін қию рәсімі Арқалық қаласының құрметті азаматы Қайырден Тұрсынбекұлы мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университенің «Тарих және өнер» факультетінің деканы, ф.ғ.к Гүлбаршын Спанқызына берілді.
Кештің тынысын жас өнерпаз Аяулым Кенжебекқызы өнерге тағзым іспетті қобыздың қоңыр үнімен ашты.
Алғашқы болып сөз алған Арқалық қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын» деген қанатты сөзін тілге тиек етіп, мерейтой иесінің жас ұрпаққа өнегелі тәлім – тәрбие беріп жүрген сан қырлы талант иесі екенін алға тартты.
Жас ақын, кітапхана қызметкері Еркінғазы Айтбаевтың кеш иесінің тұлғалық болмысы мен шеберлігін арқау еткен арнау жырын жас талап Гүлзат Арманқызы тебірене оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Өнер иесінің ізін жалғап келе жатқан немерелері Еркеназ бен Диас та аталарына деген құрметтерін ән мен жыр арқылы жеткізе білді.
Қолөнер шеберіне арналған көрме екі негізгі бөлімнен тұрады. «Өрнектің сөзбен өрілген арналарында» деп аталатын бірінші бөлімінен көрнекті зерттеуші, өлкетанушы, қолөнер шебері Шөптібай Байділдаұлының өмірі мен шығармашылығына кеңінен қанығуға болады. Бұл бөлімде шебердің өмірдерегі қамтылған «Торғай елі» энциклопедиясы және жетістіктері мен алған төсбелгілері ұсынылған.
Көрмедегі ерекше еңбектердің бірі — Шөптібай Байділдәұлының «Кейкі батыр» кітабы. Осы кітаптың негізінде «Қазақстан» телеарнасы 16 сериялы көркем фильм түсіргені белгілі. Көрмеде Кейкі батыр туралы фильмді QR-код арқылы тамашалауға болады. Кітапхана ұжымы құрастырған «Оюлар сыр шертеді» тақырыбындағы библиографиялық көрсеткіш те осы бөлімде ұсынылған.
«Оюмен ой айтқан елміз» деп аталатын екінші бөлімінде қолөнершінің ұлттық ою-өрнек өнеріне қосқан үлесі кеңінен таныстырылады. Оюшы туралы және оның қаламынан туған бірқатар мақалалармен де танысуға мүмкіндік бар.
Көрмеде шебердің өзі ойып жасаған 70-тен астам ою-өрнек үлгісі ұсынылған. Көрмеде қолданылған ою-өрнектердің бәрі дерлік мерейтой иесінің ою кітабынан алынған, сондай-ақ оюшының өз қолымен ойған оюлары.

Тағылымды кеште мерейтой иесі, елдің абыз ақсақалы Шөптібай Байділдәұлы жиналған қауымға ақжарма тілегін айтып, шеберлік сабағын өткізіп, көрмеге қойылған құнды дүниелердің мән — маңызымен бөлісті.

Кешті кітапхана басшысы Сәуле Алматова қорытындылап, мерейгерге естелік сыйлық табыс етті.

«Қазақ халқы — ойды тек сөзбен емес, оюмен өрнектеп, нақыштап жеткізген ел. Қазақтың ғасырлар қойнауынан жеткен осынау қолөнер мұрасын жаңғырту — бүгінгі киелі шаңырақта бас қосуымыздың басты мұраты болды. Ұлттық ою-өрнектің қадір — қасиетін терең түсініп, оны өмір бойы зерттеп жүрген Шөптібай Байділдәұлының еліміз үшін жасап жүрген еңбегі өлшеусіз. Бұл көрме — өрнекке түскен ой, оюға айналған өмір, ұрпаққа қалған рухани аманат. Барша өнерсүйер оқырманды «Көнеден қалған көрікті өнердің ұстасы» атты көрмені тамашалап, қазақтың асыл өнерімен жақынырақ танысуға шақырамыз», – дейді кітапхана басшысы Сәуле Ахметқызы.
Бүгінде саналы ғұмырын ою-өрнек саласына арнаған Шөптібай Байділдәұлының қолынан шыққан 3 мың 500 — ден астам қазақтың ою-өрнек туындылары тұтас елді, одан қалды шет мемлекет азаматтарын да тәнті етіп келеді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
