ҚР Еңбек сіңірген кітапханашысы Нәзира Дәулетованың туғанына 100 жыл

ҚР Еңбек сіңірген кітапханашысы Нәзира Дәулетованың туғанына 100 жыл

Қазақ руханиятының шырақшысы, елдегі кітапхана ісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға, ҚР Еңбек сіңірген кітапханашысы Нәзира Дәулетованің туғанына 100 жыл. Даңқты қайраткердің мерейтойына орай туған жері Сарыкөл ауданында тағылымды іс-шара өтті.  Оны аудан әкімдігі мен Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейі ұжымы бірлесе ұйымдастырды.

Сарыкөл өңірінің ғана емес, тұтас облыстың мақтанышына айналған ұлағат иесін жерлестері ерек құрметпен еске алды. Өнегелі өмір жолын, ел мүддесі жолындағы ерен еңбегін насихаттауға арналған жиын аудандық Мәдениет үйінде өтті. «Кітапхана ісі – кәсіби шеберлік жолы» аталған басқосуға ауданның, облыстың зиялы қауымы қатысты. Жарты ғасырдан астам ғұмырын ұлт мәдениетінің қанат жаюына бағыштаған, 25 жыл ҚР Ұлттық кітапханасында қызмет еткен білім-білігі терең, болмысы биік көрнекті тұлғаға тағзым жасалды.blank

            «Нәзира апамыз Сарыкөл өңірінде дүниеге келіп, кітапхана саласында өшпес қолтаңбасын қалдырды. Ол қызмет еткен жылдары кітапхана қоры бірнеше есе ұлғайып, ғылыми-әдістеме орталығы ретінде қалыптасты. Осы саланы жаңғыртуға, оқырман мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық әдеби мұраны сақтауға бастамашы болды. Кітапхананы тек кітап сақтайтын орын емес, қоғамды тәрбиелейтін рухани орталық ретінде дамытуға атсалысқан алып тұлға. Мақтаныш тұтатын апамыздың есімі бүгінде аудандық кітапханаға берілген. Ал оның асыл мұрасы қоғамдық құндылықтың сақталуына, насихатталуына қызмет етіп келеді. Бүгінгідей іс-шараның мәні ерек есімді еске алуға ғана емес, кітапхана ісінің жаңа бағыт-бағдарын айқындауға, маңызды мәселелерді талқылауға жол ашады», – деді аудан әкімі Марат Шымырбеков жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде.

blankКелелі кездесуде Нәзира Қожахметқызының еңбек жолынан кеңінен мағлұмат айтылды. Оның облыс, республика деңгейінде дәріптеуге лайық майталман екені сөз етілді. Қажырлы қызметі үшін жоғары бағаланған қайраткер болғанын көпшілік қауым тілге тиек қылды. Нәзира апамыз кітапхана ісін дамытудағы еңбегі үшін 1957 жылы «Қазақ КСР Еңбең сіңірген кітапханашысы» құрметті атағын иеленген екен. 1967 жылы «Ленин», 1986 жылы «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.Ұлттық кітапхананың дамуына, жаңа ғимаратқа көшіп, заманауи үлгіде жабдықталуына мұрындық болғаны тағы бар. Қазақстанда кітапханатану ғылымына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Көрнекті ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы кітап оқу мәдениеті туралы ой толғай келіп, оның қоғамдық санаға орнығуына Нәзира Дәулетованың қосқан үлесін жоғары бағалады.blank

            «Кітабы жоқ үй – бұтағы жоқ ағаш. Кітап – мәңгілік ақылшы. Әлемнің ақыл-есі – адам, ал адамзаттың бүкіл ақыл-есі қайда? Кітапта, кітапханада. Әр үйде кітап болуы керек дейтініміз сол. Әсіресе саркөлдіктердің шаңырағында кітап болуы қажет, бұл жақта кітапты сыйламайтын адам болмауға тиіс. Өйткені мұнда Нәзира апамыз өмірге келген. Бүкіл ғұмырын кітапқа, кітапхана ісіне арнады. Тұңғыш өз саласын зерттеп, еңбек жазды. Кандидаттық диссертация қорғады. Ол оңай нәрсе емес. Ондай қазақта бұрын-соңды болмаған. Қай жерде мектеп ашса, сол жерде кітапхана ұйымдастырған Ыбырайдың еңбегі туралы көп жыл қате пікірлер айтылып келді. Сол үшін Нәзира апамыздың басшылығымен 1979 жылы алғаш Ыбырайдың библиографиялық көрсеткіші жарық көрді. Бұл туған жеріне, ұлы ұстазға деген ұлағаты», – деді Серікбай ағамыз.

blankОл мінбердегі сөзін «кітаптан алыстаған адам адамгершіліктен алыстайды» деп ой түйіндеп, осы мазмұндағы жастарға арнлаған өлеңін оқып берді. Ал Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы Сәния Безаубекова Нәзира апамыздың ел кітапханасын ғылыми тұрғыда қалыптастырған ересен еңбегін тарқата баяндады.

            «Отансүйгіштік тәрбие – ұлт руханиятының өзегі. Ол бабалар мұрасын құрметтеуден, елге еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптеуден, мәдени құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа жеркізуден басталады. Осы істің ірі ұйымдастырушысы Нәзира Қожахметқызының орны ерекше. Ардақты апамыз ұлттық кітапханатану ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Ол осы бағыттағы іргелі өзгерістердің басында тұр. Еліміздегі мемлекеттік көпшілік кітапханалар желісін орталықтандыруды жүзеге асырып, жаңа сапалық деңгейге көтерді. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытып, шетелдік озық тәжірибелерді енгізу арқылы ел кітапханаларын әлемдік кеңістікке шығаруға ықпал етті. Ғылыми еңбектері аса бағалы. «Қазақстан кітапханаларының тарихы» және ұлттық библиография мәселелеріне арналған зерттеулері осы күнге дейін өте өзекті», – деді Сәния Серікқызы.

blankОл Нәзира Дәулетова есімінің аудандық кітапханаға берілуі жерлестерінің ерен тұлғаға деген құрметі әрі заңды құбылыс деп бағалады. Бүгінде бұл құтхананың ақпараттық орталық қана емес, мерейтой иесінің бай мұрасын насихат ететін рухани алаңға айналып отырғанын сөз етті. Ал мерейтой аясындағы іс-шаралар апамыздың туған жерінде ғана емес, өңірдегі басқа да кітапханаларда аталып өтпек. Мәселен, таяу күндері Арқалық қаласында өңірлік семинар ұйымдастырылады. Қазан айында Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Дәулетова оқуларын» өткізу жоспарда бар. Алматы қаласында да Нәзира апамыздың 100 жылдығына арналған үлкен конференция ұйымдастыру көзделіп отыр.  blank            Осыдан соң Нәзира Қожахметқызымен кітапхана ісінде әріптес болған, кейінгі жылдары Қостанай облыстық экономикалық сотында судья қызметін атқарған зейнеткер Гүлзия Раева көзкөрген тұлға туралы баяндама жасады. Нәзира апамыз жайында деректі фильм түсіріп, оның еңбегі мен өмір жолын, жарқын болмысын көрерменге танытқан белгілі теледокменталист, Қазақстанның құрметті журналисі Гүлжібек Бекмұхамедова мәнді-мазмұнды әңгіме-сыр шертіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Баяндамасын «Нәзира Дәулетованың кітапқа деген шексіз махаббаты» деп атапты.

            «Мен қазақстандық кітапханашы туралы алғашқы және бірегей деректі фильм жасаған автор екенмін. Оны он жыл бұрын, Нәзира апамыздың 90 жылдығына орай түсірдім. Бұған мені жерлестеріңіз Солдат Дүтбаев шабыттандырды… Жобаны жасау кезінде көзім жеткені, Нәзира Дәулетова – ХХ ғасырдағы тұлғасы биік әйелдердің бірі. Кітапханашылар арасында Ленин орденінің кавалері атанған жалғыз әйел. Ол – қоғам санасына революция жасай алған тұлға. Негізгі мамандығы физик бола тұра, ағартушылық бағытты, кітапхана ісін таңдауына қандай күш, құдірет итермеледі екен? Осы ой мені әлі аң-таң қалдырады…» – деп ақжарылып, кең көсіле сөйледі кәнігі журналист.

blankЕстелік, лебіз-пікірлер легін Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық мұражайы қызметкері, экскурсия жетекшісі Шынар Досмағамбетова, облыстың бас кітапханасының бөлім секторы Гүлмира Баймұханбетова, Сарыкөл ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Солдат Дүтпаев және Нәзира апамыздың өмір жолы мен бай мұрасын зерттеп жүрген сарыкөлдік жас дарын, Астана халықаралық университетінің студенті Айнаш Сәкенова жалғады. Жиын соңында іс-шараға белсенді атсалысқан азаматтар аудан әкімінің алхыс хатымен марапатталды. Мерейтой аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.blankblankblankblankblankblankblankblankblankblankКөпшілік қауым Мәдениет үйінің фойесіне қойылған Ыбырай музейінен және облыстық кітапханадан әкелінген жәдігерлер, Нәзира апамыз тұтынған бұйымдар көрмесін тамашалады. Бұдан соң мерейтой меймандары қайраткер атындағы аудандық кітапханаға арнайы барып, ескерткіш тақта түбіне тағзым гүлін қойды. Кітапхананы аралап, әр бөлім жұмысымен, тыныс-тіршілігімен, жоба-жоспарларымен танысып, сұрақ-жауап, ой-пікір алмасты.blankblankblankblank

Суреттерді түсірген – Руслан Әлкеев, Бейбіт Нұрмұхан