Назарбаев Зияткерлік мектебінің география пәні мұғалімі Алмас Сәдуақасов жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
«Қоғамның дамуы мен ұлт болашағының жарқын болуы – сапалы білім мен саналы тәрбиенің нәтижесі. Ал бұл жолда аянбай еңбек ететін басты тұлға – ұстаз. Ұстаздың әрбір еңбегі, әрбір сабағы – келешек ұрпақтың қалыптасуына қосылған өлшеусіз үлес. Бұл – ұстаздың көпжылдық табанды еңбегінің лайықты бағасы», – дейді ұстаздың қуанышын бөліскен әріптестері.
Алмас Сәдуақасов білім беру саласында 16 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде өзін кәсіби шеберлігі жоғары, жаңашыл көзқарасы қалыптасқан, шәкірт жүрегіне жол таба білетін білікті педагог ретінде танытты. Оның сабақтары мазмұндылығымен, қызықтылығымен ерекшеленіп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Ұстаздың басты жетістіктерінің бірі – оның шәкірттері. Оның жетекшілігімен білім алған оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты жемісі, білім сапасының айқын көрсеткіші.
Ол тек білім беріп қана қоймай, оқушыларды жан-жақты дамыған тұлға ретінде тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Адамгершілік құндылықтарды дәріптеуі, әр шәкіртке жеке көңіл бөлуі – оны нағыз ұстаз ретінде айқындайды.
