Ардагер журналист, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы Ермекбай Хасенов 75 жасқа толды. Осыған орай «Қостанай таңы» газеті редакциясында мерей иесін құттықтауға арналған жиын өтті.
Ермекбай Қайыпұлы – қарашаңырақ «Қостанай таңында» қырық жылдай қызмет еткен журналист. Осы уақыт бедерінде қарт басылымның тындырымды тілшілерінің біріне айналып, есімі елге танылды. Қоғам өмірінің сан саласында өндіріп жазды. Шығармашылық қазанында қайнай жүріп, жазушы ретінде де оқырман назарына ілікті. «Батыр Сұлтан», «Өнегелі өмір», «Көгілдір орамал» секілді бірнеше прозалық шығармасы – еңбекқорлығының жемісі.
Аға буын өкілінің БАҚ саласындағы көп жылдық еңбегі, әдебиеттегі ізденістері бүгінгі ізбасарлары үшін де елеулі. Мұны газеттің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы мерейтой иесін құттықтау кезінде тілге тиек етті.
«Ардагер журналист аға-апаларымыздың, берер ақылы, айтар кеңесі мол қарттарымыздың қадірі қашанда жоғары, – деді Кенжеш Оразғалиқызы. – Биыл қарашаңырақ үшін ерекше жыл, себебі мерейтойларымыз көп екен. Солардың алғашқысы, Ермекбай аға, өзіңізбен басталып отыр. Қалың оқырман сізді қаламгер, журналист деп қана емес, өңір мәдениетіне үлесі бар тұлға ретінде таниды. Қарт басылымның қанат жаюына сіңірген еңбегіңіз зор. Сізді бүгінгі буын ерекше құрмет тұтады. Осынау мерейтойыңызда ұзақ ғұмыр, қажымас қажыр-қайрат, әулетіңізге дәулет, шаттық-қуаныш тілейміз!». Бас редактор Ермекбай ағамыздың иығына шапан жауып, Алғыс хат және ақшалай сыйлық табыс етті. Қуаныш иесін облыстың бетке ұстар қаламгерлері де құттықтай келді. Жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбеков одақ атынан жүрекжарды лебізін жеткізді.
«Қазақстан Жазушылар одағының белді мүшесі Ерекеңе арналған құттықтау «Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы алғашқы нөміріне шықты. Одан соң одақ төрағасы Мереке Құлкенов телефон арқылы сөйлескенімде: «Өзіңіз барып құттықтап, менің атымнан дұғай-дұғай сәлем айтыңыз, ағамыздың қадірін білеміз», – деп жылы лебізін айтты. Сіз қалың оқырманға 1987 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан шыққан «Батыр Сұлтан» деректі повесіңіз арқылы таныссыз. Басқа да деректі прозаларыңыздың шоқтығы биік. Қаламгерлік қызметіңізбен қоса, кейінгі жас қаламгерлерге айтары бар ақылшы ұстаз ретіндегі еңбегіңізді де жұрт біледі. Сізге шығармашылық шабыт тілей отырып, әрдайым өз ортаңыздың төрінен көретін болайық», – деп, құттықтау хатын және естелік сыйлық тарту етті.
Ермекбай ағамыз «Қостанай таңы» газетіне 1975 жылы қызметке тұрды. Оған дейін туған жерінде кішігірім мектепте мұғалім, кейін директор болып жұмыс істеген. Сол уақытта облыстық басылымға үнемі жазып, хат-хабар жіберіп тұрыпты. Газеттің сол кездегі бас редакторы Бақытжан Жангисиннің көзіне түсіп, редакцияға жұмыс істеуге шақырту алған. Қаламдас, қанаттас әріптестері оның жұмысқа деген жауапкершілігі, елгезектігі жоғары болғанын, еңбекқорлығын ерекшелеп айтады.
«Бұл кісімен танысқанымызға да елу жыл болыпты. Марқұм жұбайы Қалимаш менімен рулас болып, бірде «күйеу бала», бірде «әріптес» деп, аралас-құралас болып кеттік. Ерекең өте еңбекқор. Бір іссапарға шықса, екі-үш айға жететін материал жинап алып келетін. Жұмыста жазу-сызудан бас көтермей отырады. Сонысымен де халық бізден гөрі Ермекбайды көп таныды-ау деймін, аты жиірек естіліп жататын. Тілшіліктің сыртында, кітап жазуға да үлгеріп жүрді. Сөйткен Ерекең 75-ке де келіп қалыпты. Ойнап-күліп жүріп, уақыттың қалай өткенін білмей қалыппыз… Аман бол! Ғасырға жет!» – деп тілек айтты ардагер журналист, танымал сатирик Дәмер Әбіш.
«Қостанай таңы» газетінің бұрынғы бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Жайберген Болатов ағамыз да бірнеше жыл қызметтес болған өзімен ежеттес Ермекбай ағамыз туралы естеліктер айтып, тумыс-болмысы жөнінде сөз қозғады.
«Расымен де, бұл кісінің ерекше қасиеті – еңбекқорлығы, – дейді Жайберген аға. – Көп журналиске, негізі, еңбекқорлық жетісе бермейді. Бас жағын істеп, аяқ жағын шала-шарпы іліктіріп, бірдеңе қылып жататындар көп. Ал Ерекең қай нәрсені тапсырсаң да дер уақытында орындап келетін. Тапсырма «берешек» болған кезі жоқ. Мұқияттығы мен іскерлігі де сол кездегі әріптестеріне жақсы таныс еді. Ерекең қарашаңырақта жұмыс істеп жүріп, арасында Алматыдағы телеарнада қызмет етіп, бүкіл қазақ телевидениесін «шулатқан» кісі. Мұндай еңбегін де атап өткен жөн. Сыйластығымыз үзілмей, осы басылымда бірге өсіп-өндік. Бұл сан қырынан танылды. Сосын бұл кісі ресми түрде мемлекеттен «Әулиекөл ауданының құрметті азаматы» деген атақ алған журналист. Қалғандарымыз сыйлы шығармыз, бірақ «құрметті» емеспіз. Енді сексен жасыңда облыстың құрметті азаматы болуыңа тілектеспін!»
Атақ дегеннен шығады, Ермекбай ағамыздың көп жылдық еңбегі үшін иеленген марапаты аз емес. Қаламгер, тілші ретінде Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі атанды. «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағы да бағындырған биік белестерінің бірі. Іріктеліп алынған бұл тізімге Қостанай облысының Меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» сыйлығын да қоса кеткен жөн.
Іс-шара соңында мерейтой иесі де елеп-ескеріп, сый-құрмет көрсеткені үшін редакция басшылығына, ізгі тілек-лебізін арнап, мерейін бір өсірген зиялы қауым өкілдеріне алғысын білдірді. Жылы шырайлы жүздесуге қатысқан газет ұжымы да Ермекбай Қайыпұлын құттықтап, ортаға алып естелік суретке түсті.
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ