Шытырман, әсерлі оқиғаға толы отандық сериал қалың көрерменге жол тартты. «12:00» деп аталатын картинаның былтыр жыл аяғында тұсауы кесілген-ді. Қазір «31-арнада» көрсетіліп жатыр. Сериалға діни экстремизм мен терроризм қаупі, онымен күрес шаралары арқау болады.
Жаһанға заһарын шашқан жат ағымдар, дін атын жамылған бүлдіргілер… Құрсауына түсіп, құрбанына айналған, «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар»… Қазір бұл қай қоғамды да алаңдатып отырған қауіп-қатер. Оның тамырына балта шабу үшін салдарынан бұрын себебімен күресу керек. Сериалдың басты мақсаты сол: деструктивті діни бағыттарға қарсы насихат.Діни мәселелерді зерттеу орталығы осы туындының авторлары мен актерлеріне хабарласып, эксклюзивті сұхбат беруге және Қостанай облысы тұрғындарына жат ағымдардың шырмауына түсу қаупінен қалай қорғану керегін айтуға ұсыныс жасады.
Фильм сюжетінің қысқаша баяны былай өріледі: тыныш өтіп жатқан күндердің бірінде елордадағы ірі сауда орталығында лаңкестер бейбіт тұрғындарды кепілге алады. Олардың арасында 2019 жылы «Жусан» операциясы кезінде Сириядан қайтарылған Руслан есімді жас жігіт те болады. Қаскүнемдердің талабы – Сирияға ұшатын ұшақ. Қалауларының орындалуына 12 сағат уақыт бар. Бұдан әрі деміңді ішіңе тартқызып, экран алдына жіпсіз байлайтындай шым-шытырық оқиғалар желісі жалғасып кете барады…
«Біздің үлкен команда экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары аясында «12:00» сериалын түсіріп шықты. Мұнда қаннен-қаперсіз адамдардың ойламаған жерден радикалды топтың қауіпті тұзағына қалай түсіп қалатынын шынайы картина түрінде беруге тырыстық. Бізге орасан зор қолдау көрсеткен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне айырықша алғыс білдіргіміз келеді. Барлық процесс аясында, сценарийін жазған сәттен фильм түсірілімін аяқтаған кезге дейінгі аралықта ҰҚК бізге сарапшылық кеңес берумен болды», – дейді жобаның бас продюсері Гүлназ Алтынбек.
Ал сценарий авторы әрі жоба редакторы Игорь Фроловтың айтуынша, сериал оқиғасы ойдан шығарылғанымен, Қазақстанның Сириядағы соғыс аумағынан қазақстандықтарды қайтаруға бағытталған «Жусан» арнаулы гуманитарлық операциясын жүргізу кезіндегі теңдессіз тәжірибесі негізге алынған.
«Сериалымызда көтеретін проблемамыз жер-жаһанға ортақ. Өйткені діни экстремизм мен терроризм кеселінен, бір есеппен алғанда, барлық ел қорынып отыр. Қазір Қазақстан заманауи қоғамның осы бір қатерлі құбылысына қарсы белсенді әрекет жүргізіп жатыр. Қазақстандықтарға өз Отанында бейбіт те бақытты өмір сүруге үміт сыйлау үшін, радикалды көшбасшылар «лас мақсаттарына» жету үшін адамдарға тұзақ етіп тастайтын «жалған иллюзияны» сейілту үшін мемлекетіміз қабылдап жатқан шараларды көрсету біздің басты мақсатымыз болды», – дейді Игорь Фролов.
Идея авторлары «сериал» форматының таңдалуы да кездейсоқтық емесін айтады. Бұл шешім кейіпкерлердің белгілі бір психологиялық келбетін ашуға, оқиғаны шынайылыққа барынша жақындатып көрсетуге мүмкіндік берген. Сериалды көрген әр адам «алдамшы үміттің соңына түспей, қолда барды бағалау қажет» деген қисынды қорытындыға келсе, жобаның ақталғаны. Осылай дейді авторлар мен актерлер.
«Бұл – радикализм мен терроризм туралы өте қызықты жоба. Таңдалған тақырып өте салмақты. Сондықтан кейіпкерлеріміздің әрқайсысының өз айтары бар. Көрерменге де берері, пайдасына жарары көп болар деп сенеміз. Менің кейіпкерім Назар – жағымсыз рөлдегі басты антагонист. Оның мақсаты – сауда үйін басып алып, кепілге алынғандар «көмегімен» жоспарын іске асыру. Осы кейіпкердің ойыны арқылы біздің команданың көрсеткісі келгені – әр адам өмір жолында дұрыс бағыт таңдауы керек. Дінде де, басқа салада да терең білім-білік болуы қажет, сыни ойлау дағдысын дамытқан жөн. Сөйткенде ғана сіз санаңызды улағысы келген қияли жанкештілердің құрығына түспейсіз», – дейді актер, каскадер Олжас Тоғымбет.
Шынымен де осы сериал үшін көп күш-қуат жұмсалғаны көрінеді. Сирияны бейнелейтін кадрлар Алматы облысында түсірілген. Атыс-шабыс, айқас-төбелес сахналарына Nomad stunts кәсіби каскадерлер тобы шақырылыпты. Ал туындының басты рөлдерінде Берік Айтжанов, Линда Нығматулина, Олжас Тоғымбет және Жасұлан Көпберген ойнайды. Авторлар «12:00» сериалының тартымдылығынан бөлек, ересек жастағыларға да, балаларға да берер тәлімі зор деп отыр.
Барлық сериясын «31-арнаның» YouTube желісіндегі арнасынан көре аласыздар.
Суреттер: gov.kz