Қостанайға олимпиада жүлдегері келді

Қостанайға олимпиада жүлдегері келді

Грек-рим күресінен олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов Тобыл өңіріне келді.

Қостанайдағы Владимир Матвиенко атындағы спорт мектебінде болып, шәкірттерімен кездесті. Сауалдарына жауап беріп жүріп өткен жолынан естеліктерін айтып берді.

«Тобыл төріне осыдан он екі жыл бұрын келгенім есімде. Содан бері көп өзгеріс бар екеніне көзім жетті. Күні кеше ғана боз кілемде белдесіп жүрген Мақсат Ережепов бастаған федерация филиалының жеткен жетістігі ұшан теңіз. Қаншама ел чемпиондары, Азия құрлығының жүлдегерлері шығып жатыр. Бір ғана Талғат Жиентаев бауырымыз жекпе-жектің он бір түрінен спорт шебері атанып отыр. Елімізде ондай дәрежеге жеткен жалғыз адам деп айтуға болады. Бұл жерден сондай республиканың келешек жарық жұлдыздары шығарына сеніміміз кәміл», – деп спорт мектебіне федерация атынан шағын автобустың кілтін табыс етті.

Дәулет Болатұлы үшін Матвиенко деген есім ыстық екенін де жасырмады.

«Әлі күнге есімде, Филиппин еліне тұңғыш халықаралық жарысқа аттандық. Сол құрамда жерлестеріңіз Сергей Матвиенко да бар болатын. Сол жолы командамыз он категория бойынша жалпы есепте көш бастады», – деді Дәулет Тұрлыханов.

Содан бері Кеңестер одағының жеті дүркін чемпионы атанды.

blank blank

Сеул қаласында өткен олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болды.

«Менің алғашқы бапкерім әкем болатын. Ол кісі бізді еркін күреске баулыды. Ол уақытта мынадай тәуір кілем тапшы еді. Матрастардың үстінде жаттығамыз. Талай арасы ашылып кетіп, жарақатқа душар болушы едік. Сөйтіп жүріп өстік. Бізді шыңға жеткізген ұлы арманымыз», – деп өткенге ойға шомып кетті.

Бала Дәулет Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатында білімін жалғастырды. Ол жерде еркін күрестен үйірме болмай, бағытын грек-рим күресіне ауыстырды. Қазіргі Абай облысындағы ауылына жазғы демалысқа келген беті болатын. Мәскеу олимпиадасының басталуына дәл келмесі бар ма. Үш бірдей қазақ елінің балуандарының жүлде алғанын көріп, бұл да Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков секілді мемлекетіміздің ән ұранын асқақтатуды армандады. Араға бірнеше жыл салып, Сеул олимпиадасының финалында күресті. Дегеніне қанат қақтырған бойдағы талабы мен үлкен еңбегі болатын. Жиналған спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне адам бойындағы осы бір асыл қасиетті сіңіре түсті. Арманы ұлғайған сайын, адам талпынады. Шыңдайтын оның тындырған әрекеті болып қала бермек.

 

Айбек ЖҮЗБАЙ