11 қазанда елімізде жарияланған республикалық «Таза Қазақстан – болашақ үшін» экологиялық акциясы аясында Науырзым ауданында ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды.

Бұл бастама табиғатты қорғау мен айналаны таза ұстауға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Акцияға Наурызым ауданының әкімі Мәди Ихтиляпов тікелей қатысып, тұрғындармен бірге көшелер мен қоғамдық аумақтарды тазалау жұмыстарына белсенді араласты. Әкім өз сөзінде:

«Біздің болашағымыз – бүгінгі экологиялық мәдениетке байланысты. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың борышы. Осындай шаралар адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, бірлікке үндейді», – деді.
Шараға аудандық мекемелер мен ұйым қызметкерлері, мектеп ұжымдары, жастар ресурстық орталығы, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысты. Қатысушылар саябақтар мен көшелерді, су айдындарының жағалауын, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді тазалап, қоқыстарды жинап, өңірдің көркіне көрік қосты.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және азаматтық жауапкершілікті арттыруды мақсат еткен бұл акция – туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі. Аудан әкімдігі тарапынан мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратыны атап өтілді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
