Ілияс Омаров атындағы қазақ драмма театрында қазақтың тұңғыш ағартушы — ғалымы, шығыстанушы, этнограф, тарихшы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай «Шоқан» спектаклінің премьерасы сахналанды. Қойылым Шоқан бейнесін жаңа қырынан таныстырып, оның мұрасының бүгінгі күнмен байланысын көрсетеді.
Режиссері Бәзіл Сұлтанғазы Шоқанның өмірін біздің тарихтан оқып, музейден көріп жүрген сәттегіден гөрі жан дүниесіне көбірек көңіл бөлуге тырысқанын айтады.
«Шоқан Уәлиханов туралы спектакль қоюға Қостанайдан ұсыныс алып, қуана қабылдадым. Содан жарық жұлдызымыздың өмірін зерттеуге кірістік. Шоқанның отбасындағы өміріне көбірек көңіл бөлуге тырыстық», – дейді режиссер.
Осылайша, қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың «Шоқан» шығармасының желісіне тоқталды.
Бұл спектакль – бір ғана тарихи деректер тізбегі емес, ұлттың тағдырына әсер еткен, қысқа ғұмырында ғылымның бірнеше саласында өшпес із қалдырған ғалымның жан әлемін, адамдық болмысын, трагедиялық тағдырын сахналық тілмен қайта жаңғыртты. Шоқанның ғылымға адалдығы, қоғамдағы әділетсіздікке қарсы көзқарасы, еліне деген сүйіспеншілігі мен саналы күресі – спектакльдің негізгі арқауы. Бұл туынды – қазақ руханияты мен тарихына қызығушылық танытатын көрермендерге арналған аса маңызды мәдени оқиға болары сөзсіз.
Қойылымда ғалымның әкесімен, анасымен, сүйген қызымен қарым- қатынасы көбірек бейнеленеді. Режиссердің айтуынша, әрине, бұл тарихи шындық емес, тұлға жайлы көркем шығарма болғандықтан арасында халыққа әсері көбірек болу үшін кейбір жерлерінде әсірелеп айтқан жерлері де бар.
Спектакль Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов пен қазақ өлкелігінің жандаралы Хрестияновичпен кездесуінен басталады. Болыстың аманаттаған ұлы артынша алыс сапарға аттанып, елге абыроймен оралады. Кавалер орденімен марапатталады. Ақыр аяғында жандайшартардың іріткісіне түседі. Сайлауда жеңіп тұрған жерінен Көкшетау өлкесіне оның қарсыласы Ерден уақытша правител болып бекітіледі. Сүйген қызы Айжанды ағайындары ауылдың малтабарына қалыңмалға беріп жібереді. Айжан сол жерде құсадан жан тапсырады. Сол кезде ағайыннан қуанышты хабар жетеді. Шоқанның оқуға жіберген ауыл балалары ұстаздарының жолын жалғастыруға елден бата сұрайды. Қуаныштан жан тәсілім еткен жарық жұлдыздың хикаясы осымен аяқталады. Міне, қойылымның қысқаша мазмұны осындай. Тамашалаған көреремендер шынайы бағасын беріп жатты. Тым-тырыс болған сахна ән сәтте мерекелік көңіл-күйгн бөленді. Әртістер жағы бір сөзбен айтқанда, гүлмен көмкерілді. Облыс әкімнің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сахнаға бірлескен жоба жетекшілерін ерте шығып, өнерпаздарға ықылас гүлін ұсынды.
«Көреремен қауым тұлғаның біз үйреніп қалған фильмдегі образын көргісі келген шығар. Бүгін біз Шоқанды жаңа қырымен жолықтырғандай тамаша әсерде болдық. Тартысқа толы эпизодтар мен оның халқына деген сүйіспеншілігі бастапқы қалпынан айнытпағанын, ерік-жігердің арқасында жан-жағының батасын алған Шоқанды көрдік. Қоюшы режиссердің тұлғаның өміріндегі ішкі толғанысына назар аударуы білікті еңбектің нәтижесі деп түсінеміз. Режиссер мырзаға осы үшін бүгін біз алғысымызды білдіреміз. Осы спектакльдің дүниеге келуіне өзіндік ерекше үлес қосқан облыстық мәслихаттардың депутаттарына, әсіресе, Сайлаубек Ерғазыұлына, атамыздың жүз тоқсан жылдығының басы-қасында жүрген Александра Қабдоллақызы мен Динара Қайырбекқызына айтар алғысымыз шексіз», – деді қойылымды бастан аяқ тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Қойылым режиссері Бәзіл Сұлтанғазы талдықорған өңірінің тумасы. Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда актер болып қызмет істейді. Осылайша, Ілияс Омаров атындағы қазақ театрының репертуары тағы бір қойылыммен толығып отыр. Драматургиялық тұрғыдан түрлі пікір туындатуы мүмкін болғанына қарамастан, «Шоқан» спектаклінің шығармашылық тобы режиссуралық шешімге ерекше мән берді. Қойылымның негізгі салмағы заманауи ой мен бүгінгі көрерменге жақын мағынаны жеткізуге бағытталды. Артық даңғаза мен сыртқы әсерге емес, кейіпкердің жан дүниесіндегі күреске назар аударды. Бұл қойылым Қостанай облысының мәдениет саласындағы ұйымдарының қолдауымен жүзеге асып, өңір театры үшін маңызды оқиғаға айналды. Қойылым идеясына жергілікті өкілді билік тарапынан да қолдау көрсетілді. Бірлескен жоба авторлары театр өнерінің қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
«Бүгінде театрға қолдау аса қажет. Біз көрерменді спектакльсіз қалдыра алмаймыз. Қандай қиын кезең болса да, жауапкершілікті сезініп, белгіленген мерзімде жұмыс істеуіміз керек. Бұл қойылым – тарихи тұлғаларға заманауи көзқараспен қарап, бүгінгі қоғаммен тіл табысудың жарқын үлгісі», – дейді бірлескен жоба авторлары.
Олардың айтуынша, мұндай мәдени бастамалар тек бір театр үшін ғана емес, тұтас өңірлердің рухани дамуына ықпал етеді. Олар ұлттық мәдениетті нығайтып, шығармашылық ұжымдардың кәсіби өсуіне жол ашады.
«Шоқан» спектаклі Қостанай облысының мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналып, қазақстандық театр өнерінің өзекті тақырыптарды терең әрі шынайы жеткізе алатынын көрсетті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
