Қостанайда шағын өнеркәсіп аймағы құрылады

Қостанайда шағын өнеркәсіп аймағы құрылады

«Большевичка» ЖШС аумағында жаңа ірі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ол болашақта кәсіпкерлерге жалға берілетін ірі орталыққа айналмақ. Шағын өнеркәсіп алаңының құрылысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты.

Елімізде өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған стратегиясының аясында шағын өнеркәсіптік аймақтар  құру бағдарламасы белсенді жүзеге асып жатыр. Бұл — шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа құралы. Кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген жалдау шарттарымен ұсынуға негізделген. ШӨА нысандары қажетті инженерлік желілермен және көлікке ыңғайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Мұндай жағдайлар жаңа жобаларды іске қосудағы кедергілерді азайтып, болашақта кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Қостанайда осы бағыттағы жобаны облыс әкімдігінің қолдауымен «Большевичка» ЖШС іске асыруға кірісті. Қазір кәсіпорын аумағында көлемі 10 мың шаршы метр болатын алаң салыну үстінде. Нысан құрылысы жоспардағыша аяқталса, кәсіпорынның жалпы көлемі 25 мың шаршы метрге дейін ұлғаймақ. Қайта құрудан соң 150 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

«Шағын өнеркәсіп аймағы әкімшілік-тұрмыстық, өндіріс, жиһаз корпустарынан тұрады. Сондай-ақ бұл аумақта жатақхана да орналасады. Барлы қажетті инфрақұрылыммен, құрылғылармен қамсыздандырылады. Мәселен, жиһаз жасау корпусында бояу-сырлау желісі, фрезерлеу жабдықтары орнатылады. Бұл Қостанайдағы тұңғыш қондырғы болмақ. Бұған дейін Алматыға тапсырыс беріліп келген. Мұны жаңа бағыт болады дей аламыз. Шыны өндірісі де қолға алынды, алғашқы өнімдер нарыққа шығып та үлгерді», – дейді «Большевичка» фабрикасының жетекшісі Арсен Жетпісбаев.blank

Өңір басшысы бұл жобаның шағын және бизнесті дамытуға өте қолайлы екенін, мұны іске асырудағы талап-шарттары туралы пікір білдірді.

«Салынып жатқан үлкен алаң ШОБ бағытындағы кәсіпкерлерге жалға беріледі. Жалдау құны нарықтағы орташа бағадан төмен болуға тиіс. Тағы бір маңызды тұсы, бұл жерде кәсіпкерлер өндіріспен ғана айналысады, яғни сауда-саттық әрекеттері болмайды. Сіздердің жиһаз жасау, терезе, қасбет өнімдері секілді ұсыныстарыңызбен танысып отырмыз. Бағыт өте дұрыс», – деді облыс әкімі.

blankblank «Большевичка» шағын өнеркәсіп аймағы резиденттерінің, сондай-ақ тірек арендаторлардың бірі саналады. Сондықтан фабрика басшылығы жобаны іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымды несие алған. Ал оның өтемі діттелген мақсаттың қапысыз орындалуына тікелей байланысты. Өңір басшысының айтуынша, фабрика жетекшісі үлкен тәуекелге бел буып отыр деуге де болады. Мемлекет ұсынған несиенің пайызы төмен болса да, оны қайтару үшін жоспар жүйелі жүзеге асуға тиіс. Нысан құрылысы аяқталған соң алаңға кәсіпкерлер тартуға мүдделі. Бір есеппен, бұның қос тарапқа да қажеті бар.

«Өндіріспен айналысқысы келетін адамның міндетті түрде жалға берілетін орын іздейтіні белгілі. Мемлекет ондай кәсіпкерлерге көмек қолын созып жатыр: «Кім-кімге де барлық жағдай жасалған шағын өнеркәсіп аймағын арзан бағаға жалдап, ісін алға бастыруға жол ашық. Келіңдер, келісіңдер, кәсіптеріңмен айналысыңдар» деп отыр. Бұл –ШОБ үшін өте жақсы мүмкіндік», – деді Құмар Іргебайұлы.

blankӨңір басшысы мәлім еткендей, бұл алаңға нарыққа шығып үлгерген кәсіпкерлер ғана емес, жеке ісін енді бастағалы жүрген азаматтар да жүгіне алады. Орталықтан орын алып, өз құрылғыларын орнатып, жұмысын істей беруіне кедергі жоқ.

«Мұнда кез келген кәсіпкерге идеясын жүзеге асыруына еркіндік бар. Сонымен қатар міндетті түрде тігін, жиһаз өндірісі болуы керек дейтін міндеттемелер жоқ. Егер кәсібі көршілестеріне кедергі боларлықтай санитарлық талаптарға қайшы келмесе, неге ісін алға бастырмасқа? Алаңсыз жұмыс істеуіне рұқсат беріледі», – деп мәлімдеді облыс әкімі.

blankАл фабрика басшысы жаңа ғимаратқа келешек жалға алушы кәсіпкерлерді тіркеу үшін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы алаңында ашық түрде конкурс өткізілетінін айтып отыр.

blank

Өңір басшысы ескі корпустағы өндіріс цехтарымен де танысып шықты. 1993 жылдан бері тұралап қалған кәсіпорын облыс әкімдігінің қолдау-демеуімен қайта жандана бастаған. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ арнаулы жұмыс киімдері, брон каска, парашют, терезе бөлшектері, пластмасса және басқа да бұйымдар өндірісі тоқтаусыз жүріп жатыр.blankblankblankblankblank

Суреттер – облыс әкімінің баспасөз қызметінен