Қостанайда республикалық турнир басталды

Қостанайда республикалық турнир басталды

Наурыз мерекесінің қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Сейітхан Темірбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир жалауын көтерді.

Дәстүрлі жарыс 19–20 наурыз күндері 2010–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып отыр.

Турнирдің ашылу салтанатында грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының атқарушы директоры Талғат Жиентаев қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Жарыстың маңыздылығын атап өтіп, қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.

«Бұл турнир жиырма жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Қазіргі федерация басшысы Мақсат Ережепов те осы жарыста шыңдалған спортшылардың бірі», – деді ол.

Осындай игі дәстүр арқылы жас буынға патриоттық тәрбие мен ұлттық спорттың дамуына серпін берілуде.

Бұл турнир жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас балуандардың басын қосып келеді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласынан және жақын шетелдерден спортшылар бар. Ресей Федерациясынан келген жас балаундар да бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды.

Аталған жарыс – тек спорттық дода ғана емес, ел тарихында ерлігімен із қалдырған батырды ұлықтауға арналғанын айта кетейік. Батырдың ерлігін ішкі істер саласының ардагері Сапабек Құлбеков әңгімелеп берді. Сейітхан Нұрмұхамбетұлы Темірбаев Қостанай губерниясының Қызылжар ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сегіз жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленіп, ерте есейді. 1941 жылы, небәрі 19 жасында, Кеңес Армиясы қатарына шақырылған.

«Ол Сталинград шайқасына қатысып, Донбасс, Николаевск, Одесса облыстары мен Молдавияны азат етуге, сондай-ақ Одер мен Шпрее өзендерінен өту операцияларына қатысқан. 1945 жылғы 25 сәуірде Берлиндегі Ландвер-каналды кесіп өту кезінде Темірбаевтың ротасы алғашқылардың бірі болып қарсы бетке өтіп, маңызды плацдармды ұстап тұрды. Бұл өз кезегінде басқа бөлімшелердің сәтті өтуіне мүмкіндік берді. 29 сәуір күні оның ротасы Рейхстаг маңындағы шайқастарға қатысты. Шабуылдың алдыңғы шебінде болған капитан Темірбаевтың басшылығымен қысқа уақыт ішінде 11 квартал жаудан тазартылды. Батыр Берлинде өзінің жауынгерлік жолын аяқтап, Рейхстаг қабырғасына: «Қазақ С. Темірбаев, Қостанай–Берлин» деп жазып қалдырған», – деп сөзін аяқтады ардагер.

Ерлігі үшін Жауынгерлік Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. 1945 жылғы 31 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

blankblank blank blank blank

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Василий Васильев