Қостанай облысында өңірлік коалиция мүшелері мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізді. Іс-шара барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен олардың ел дамуына ықпалы талқыланды.
Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері Сымбат Укин мен Денис Качеев қатысып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен пікір алмасты. Жиын барысында коалиция мүшелері Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістерге тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Спикерлердің айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып, елдегі демократиялық үдерістердің дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.


Өз сөзінде Сымбат Укин референдумның елдің даму бағытын айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, сондықтан оған енгізілетін әрбір өзгеріс қоғам өміріне тікелей әсер етеді.
«Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы. Ондағы әрбір өзгеріс қоғамның дамуына ықпал етеді. Сондықтан әр азамат бұл үдеріске бейжай қарамай, өз таңдауын жасау арқылы ел болашағына үлес қосуы тиіс», – деді Сымбат Укин.
Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, конституциялық өзгерістердің маңыздылығы мен азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуының қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды.
