Балық ресурстарын қорғауға бағытталған бұл шара Қ Р Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасы негізінде 20 наурыздан жүзеге асырылып жатыр.
Қазір табиғат үшін ең жауапты уақыттың бірі. Дәл осы мезгілде балықтар уылдырық шашып, табиғи жолмен көбейеді. Мамандар заңсыз балық аулаудың алдын алуға ерекше мән беріп отыр. Инспекция қызметкерлері табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп, су айдындарында бақылауды күшейтті.
Уылдырық шашу кезеңіне байланысты облыс аумағындағы су айдындарында нақты шектеулер енгізілген. Олар әр өңірдің табиғи ерекшеліктеріне қарай белгіленген. Мәселен, Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарында шортан аулауға наурыздың 20-сынан сәуірдің 20-сына дейін тыйым салынса, басқа балық түрлеріне шектеу сәуір мен мамыр айларын қамтиды. Ал облыстың өзге өңірлерінде бұл мерзімдер сәл өзгеше.
Жоғарғы Тобыл су қоймасы мен Қаратомар су қоймасы аумақтарының кей бөліктерінде тіпті толық тыныштық аймақтары белгіленген. Бұл жерлерде белгілі бір уақыт аралығында ғана емес, кей жағдайда жыл бойы балық аулауға шектеу қойылған.
«Заңнамаға сәйкес, кейбір әдістерге толық тыйым салынған. Атап айтқанда, шаншып аулайтын құралдар, жарылғыш немесе улы заттар, атыс қаруы арқылы балық аулау өрескел заң бұзушылыққа жатады. Белгіленген мөлшерден шағын балықтарды аулауға да рұқсат жоқ. Мұз ерігеннен кейін су айдындарында катерлермен патрульдеу ұйымдастырылып, заңсыз салынған ау құралдарын анықтай бастаймыз. Мұнымен қоса базарлар мен сауда орындарында рейдтер өткізіліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Заң бұзғандарға жаза да жеңіл емес. Әкімшілік жауапкершілік бойынша 10-нан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Ал ауыр жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылып, ірі көлемде айыппұл салу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деді облыстық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Дәуіт Тәжібаев өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады. Егер заңсыз балық аулау дерегіне куә болсаңыз, 8 (7142) 37-37-23 нөміріне хабарлауға болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
