23 июня, 2025
Қостанайда Міржақып Дулатұлына бір ескерткіш керек-ақ

Қостанайда Міржақып Дулатұлына бір ескерткіш керек-ақ

Қазақтың ардақты азаматы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына биыл 140 жыл.

Бүгін Алаш арысының мерейтойына арналған облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тағылымды кеште ақын мұрасын ұрпақ санасына сіңіру мақсатында жасалуға тиісті маңызды ұсыныстар айтылды.

Міржақып Дулатұлы тұтас ұлттың қайталанбас перзенті. Міржақып феномені әлі зерттеліп біткен жоқ. Бүгінгі толқын алаш ардақтысының артында қалған асыл мұрасын зерделеуге ұмтылуда.

Соның бір парасын ғылыми конференцияға жиналған жергілікті тарихшылар баяндады. Жазушының 140 жылдық мерейтойына байланысты облыста атқарылып жатқан іс-шаралар тізбегі де сөз болды.

– Ұлт руханияты көшбасшыларының бірі, Алаштың асыл перзенті Міржақып Дулатұлы халқы үшін қаламын найзаға айналдырған азамат. Біздің міндет оның өнегелі өмірі мен мол мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарыту. Осы бағытта Қостанай облысында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтырдан бері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай жоспар жасалып, оған 140-тан астам іс-шара енгізілді. Өлкеміздің тұлғаларын дәріптеп, олардың еңбегін қайта басып шығару, жаңа әдеби туындылар жаздыру үшін жан-жақты жұмыстар қолға алынды. Биыл бірнеше тақырыптық сериялар басылып шығады. «Бабалар аманаты» сериясы аясында Алаш тұлғаларын зерттеп жүрген талантты жерлесіміз, жас ғалым Данияр Ихсанмен Міржақып Дулатұлы жайлы жаңа туынды жазуға келісім жасалған. Бұл кітап қайраткер тұлғаның мерейтойына үлкен тарту болары сөзсіз, – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Абдрахманов.

Болашақ кітапта Міржақып Дулатұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы деректер қызықты әрі жеңіл түрде берілмек. 2025 жылдың ақпан айында І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Міржақып» қойылымы ұсынылды.

Наурыз айында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейі Торғайдың Жанкелдин мұражайлар кешенімен бірлесе «Қазақ рухын оятқан тұлға» атты ерекше көрме ұйымдастырды. Ол жерде Міржақып Дулатұлының отбасына қатысты сирек жәдігерлер алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды. Барлығы жүзден астам экспонат қойылған еді. Ардақты азаматтың есімін жаңғырту іс-шаралары жыл бойы жалғасады. Мұндай маңызды істі мерейтойлық жылмен шектеуге болмас. Жазушының еңбегін ұрпақ санасына құюды бұдан әрі жалғастыра берсек айып болмас.

Рас, облыс бойынша Міржақып атамыздың есімі берілген оқу орындары, ескерткіштер баршылық. Оған қоса облыс орталығы – Қостанай қаласының төрінде алаш арысының ескерткіші қасқайып тұрса тамаша емес пе.

– Жазушының есімі берілген білім ошақтары, ескерткіштер мен музейлер бәрі ұлт мақтанышына деген құрметтің көрінісі. Ескерткішке қатысты жұмыстар қазіргі таңда жүргізіліп жатыр. Болашақта бәрі оңтайлы шешілген жағдайда Қостанай қаласының орталығынан да Міржақып атамызға бір ескерткіш қою жаспарда бар. Бірақ, әлі нақты шешім айта алмаймыз. Жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Бейбітұлы.

Қостанай облыстық кітапханасы ұйымдастырған іс-шараға аймақтың беделді ақын-жазушылары, тарихшылары, аудан, қала кітапханашылары, облыстық мәдениет басқармасының өкілдері қатысты. Конференция модераторы Қазақстанның құрметті жазушысы Жанұзақ Аязбеков қатысушыларға кезегімен сөз беріп отырды.

Жиынға арнайы Торғай даласынан келген «Жанкелдин мұражайлар кешенінің» басшысы Гүлбану Сәрсекей Гүлнар Міржақыпқызының бізге жеткізген мұрасы, мұражайға табыстаған бағалы жәдігерлер туралы баяндады. Алаш арысын әртүрлі қырынан білуге ұмтылған жергілікті тарихшылар Айбек Шалғымбеков, Рауан Байдалы, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы, тарих магистрі Қыдырбек Қиысқан баяндама жасап, құнды мәліметтер айтты. Астанадан онлайн байланысқа шыққан жас ғалым Данияр Ихсан «Міржақып оқуларын» республикалық деңгейге шығарып, кең көлемде ұйымдастырсақ деген ұсыныс айтты.

Мазмұнды басқосуда Міржақып мұрасының мән-маңызын тереңірек танып, ғылыми айналымға жаңаша көзқараспен баға беріп, зерттеу көкжиегін кеңейткендей болдық. Алаш рухы әрдайым жүрегімізде жаңғырсын деген оймен тарқастық.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретке түсірген Бағдат Ахметбеков