Қостанай облысында прокурорлардың заң мен тәртіп бағытында тұрғындарды кедергісіз қабылдауы басталды. Бұл шара Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Президенттің кеңейтілген алқа отырысында берген нақты нұсқауы бойынша, еліміздің барлық аймақтарында құқық қорғау органдары халықпен тікелей байланыс орнатып, заң қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында қоғамдық қабылдаулар өткізіп жатыр.
Облыс бойынша бұл бастаманы Қостанай облысының прокуратурасы қолға алды. Қоғамдық қабылдаулар әр аудан орталықтарында бір мезетте басталып, таңғы уақыттан азаматтарды қабылдап жатыр. Аталған шара аясында мобильді топтар құрылып, заң қызметтерінің қолжетімділігін түсіндіру, құқықтық көмек көрсету, тұрғындардың өтініштерін қарау және нақты жауап беру жұмыстарын жүргізетін болады.
Облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Бекбосыновтың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – тек азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу.

«Біз апта бойы – 23 маусымнан 27 маусымға дейін – барлық аудандарда қоғамдық қабылдау өткізуді жоспарлап отырмыз. Тұрғындар мобильді пункттерге келіп, өздерінің көкейінде жүрген құқықтық сұрақтарын қойып, шағымдарын білдіріп, тікелей жауап ала алады. Біз әр арызды талдап, қажет болған жағдайда тексеріс жүргізіп, нақты шешім қабылдаймыз», – дейді Бауыржан Бекбосынов.
Шара барысында жергілікті құқық қорғау органдары – полиция, прокуратура, әділет департаменті мен басқа да тиісті органдар өз бағыттары бойынша азаматтарды қабылдауға қатысуда. Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталған.
Мұндай ауқымды және халықпен ашық форматта жүргізілетін акциялар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – тұрғындармен кері байланыс орнатудың тиімді жолы әрі құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды құрал.
Айбек ЖҮЗБАЙ
