Астықты аймақта әлемге әйгілі Marriott International брендінің Marriott Kostanay алғашқы қонақ үй кешенінің іргетасы қаланды.
Жоба аймақ туризмі мен іскерлік белсенділіктің дамуына тың серпін бермек. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов қонақ үй кешенінің құрылыс барысымен танысып қайтты.

Жаңа кешенді іске асырушы «Форвард Консалтинг» ЖШС. Компанияның басқарушы серіктесі Алексей Лукаш жобаның маңызы мен ерекшеліктері жөнінде жан-жақты баяндап өтті.

Айтуынша, Marriott International – әлем бойынша 9 600 қонақ үйді басқаратын ең ірі қонақ үй операторы. Қостанайда бой көтеріп жатқан нысан Қазақстандағы осы желінің алғашқы жобасы.

«Қонақ үй кешенінің жалпы аумағы – 15 500 шаршы метр. Мұнда 142 нөмір болады, олар жеті санатқа бөлінеді. Сонымен бірге екі мейрамхана, кең SPA орталығы, фитнес, және 600 орындық үлкен конференц-зал қарастырылған. Тоғызыншы қабатта қаланы тамашалауға арналған панорамалық скай-бар орналасады», – деді Алексей Лукаш.
Құрылыс жобасы Marriott International талаптарына толық сай әзірленген.

Қазіргі уақытта құжаттама халықаралық оператор тарапынан келісуден өтіп жатыр. Құрылыстың негізгі кезеңі басталып, мың жарымға жуық қадалар орнатылған. Жоба құрылысы 20 ай жүргізілетін болады. Компания өкілдерінің айтуынша, қонақ үй алғашқы меймандарын 2027 жылдың қыркүйегінде қабылдайды.

«Қазір жер қазу, іргетас плитасын дайындау және монолитті жұмыстар жүргізілуде. Барлық техникалық талаптар орындалуда. Мәскеулік Core Consulting компаниясы құрылыс барысын тәуелсіз бақылауда», – деп атап өтті жоба басшылығы.
Қонақ үй аумағы тек меймандарға ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді болады. Айналасында ойын алаңдары, серуен аймақтары және өзен жағалауында жайлы демалыс орны салынбақ.
«Бұл жабық аймақ емес. Қала тұрғындары серуендеп, мейрамханада кешкі ас ішіп, іс-шара өткізе алады. Жаңа кешен Көстанайдың визиттік карточкасына айналады», – деді Алексей Лукаш.
Жоба іске қосылғаннан кейін қонақ үйде 120–150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Marriott International персоналды оқыту мен қызметкерлерді дамытуға арнайы халықаралық тренингтер өткізеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақтағы экономикалық өсімнің оң динамикасын атап өтті.
«Соңғы үш жылда өңірлік өнім көлемі 30%-ға өсті. Инвестициялар көлемі 40%-ға артты. Оның ішінде 1,5 млрд АҚШ доллары – тікелей шетелдік инвестициялар. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 40%-дан астам өсті», – деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, Көстанайға келетін бизнесмендер мен инвесторлар саны артып келеді. Аэропорт жүктемесі жыл сайын өсуде: биыл 480 мыңнан астам жолаушы тасымалданған.
«Іскерлік белсенділіктің күшеюі қонақ үйлерге деген сұранысты арттырды. Бүгінде қаладағы қонақ үйлердің барлығы дерлік толық. Сондықтан Marriott пен алдағы жылы басталатын Novotel құрылысы аймақ үшін аса маңызды», – деді Құмар Ақсақалов.
Marriott International әдетте миллионға жуық халқы бар қалаларда ғана қонақ үй ашады. Бұл таңдаудың Көстанайға жасалуы аймақ экономикасының тұрақтылығы мен дамуының дәлелі. Жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, Қостанайды халықаралық деңгейдегі іскерлік орталық ретінде танытуға ықпал етпек.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
