Қостанай қаласында белгілі журналист, ақын Тұрсынмәмет Бұқабаевты еске алуға арналған бильярд турнирі өтті.
Іс-шараға жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, баспасөз хатшылары мен саланың ардагерлері қатысты.
Турнирді журналистің достары мен отбасы, сондай-ақ әріптестері Заңғар Санай мен Қасқырбай Қойшыман ұйымдастырды. Іс-шараға қолдау білдірген демеушілер де аз болған жоқ.
Ашылу салтанатында сөз алған ардагер журналист Жанұзақ Аязбеков ақын інісі Тұрсынмәмет Бұқабаевтың еңбекқорлығын атап өтіп, жарыстың мән-маңызына тоқталды.
– Тұрсынмәмет өз ісінің кәсіби маманы еді, кез келген жанмен тіл табыса алатын. Оның өзіндік ерекше жазу стилі болды. Мақалалары үнемі үлкен резонанс тудырып, оқырманның жүрегіне жететін. Өкінішке қарай, ол ерте кетті, бірақ артында өшпес із қалдырды. Біз осындай шаралар арқылы кәсіби қоғамдастығымыздағы әріптестерімізді ұмытпай, рухына құрмет көрсетеміз, – деді.
Ал ҚР Журналистер одағының Қостанай облыстық филиалының төрайымы Александра Серғазинова турнирдің мән-маңызына тоқталып:
– Бұл іс-шараға жас журналистер де, ардагерлер де қатысты. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының тамаша үлгісі. Алдағы уақытта Журналистер одағының қолдауымен түрлі шараларды өткізіп, кәсіби ынтымақтастықты дамыта түсеміз. Біз – үлкен күшпіз. Қоғам игілігі үшін біріге жұмыс істей аламыз. Осындай достық қарым-қатынасты сақтау өте маңызды, – деді.
Турнирге 16 адам қатысып, бәсекенің қызу өткенін байқауға болады. Жарыс түн ортасына дейін жалғасып, үздіктер анықталды:
1-орын: Қасқырбай Қойшыман – «Тобыл» ФК баспасөз хатшысы.
2-орын: Нұрқанат Құлабай – «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі.
3-орын: Заңғар Санай – «Астана» арнасының тілшісі.
Кенеттен өмірден озғанына биыл 15 жыл болған Тұрсынмәмет Нүсіпханұлы кезінде «Хабар» телеарнасы, «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде, «КН» радиосында жемісті еңбек етті. Шара барысында қатысушылар оның азаматтығы мен шығармашылық қабілетін еске алды.
Ұйымдастырушылар турнирге қаржылай қолдау көрсеткен Айдын Тұңғышбаев (Алматы), Ертай Раисов, Нұрлан Ерғали, Наурызхан Ғазизұлы, Асхат Жақсымбеков, Нұржан Өтегенов, Абылайхан Ағатаев сияқты жанашыр жандарға алғыс айтты. Сонымен қатар, жарысты өткізуге бильярд залын тегін ұсынған «Жастар» мейрамханасының иелері Мейрамбек Әміртайұлы мен Виктор Васильевичке, сондай-ақ Нұрқанат Құлабай, Дәуренбек Әбдібек, Қасқырбай Қойшыман есімді қолдаушыларға ризашылық білдірілді. Тұрсынмәметтің ұлы Жасұлан да жарысқа демеушілік жасап, арнайы сыйлық тағайындады.
– Бұл турнир журналистер арасындағы достықты бекемдеп, Тұрсекеңдей тұлғаларға тағзым етуге бағытталған. Ендігі жылдан бастап бұл турнир жыл сайын өтеді, – деді Заңғар Санай.