Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қоршаған ортаны қорғау экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы сәтті жалғасын тауып жатыр. Іс-шара аясында Қостанайдың Береке шағын ауданында биыл пайдалануға берілген Жайлы мектепте түлектер алеясы ашылды.
Онда мектеп ұстаздары, ата-аналар мен түлектер көтем мезгілінің келуімен айналаны қоқыстан тазартып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бүгінде мектеп маңына қайың, қарағай, терек ағаштарының 253 түп көшеті отырғызылды. Әсіресе, мұнда жастардың белсенділігі ерекше байқалады. Түлектер алеясына алма, шырша, сирен сияқты басқа да көшеттер отырғызылатын болады», – дейді мектеп директорының орынбасары Жадыра Сакиева.
Ерасыл Естай тоғызыншы сыныптан бастап осы мектепте білім алып жатыр. Түлектер алеясының жұмысын алғашқылардың бірі болып қолға алып жатқанын әрдайым мақтан тұтады.
«Бұл игі шаралар берекелі бірлікке алып келері анық. Ашылып жатқан түлектер алеясының алғаш рет қазығын қағып, бірінші көшеттерді өз қолымызбен егіп жатырмыз. Бұл біз үшін мақтаныш. Тарихта қалатын болдық», – дейді Ерасыл.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы туған жерімізге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті нығайтуға, табиғатты аялауға барша қазақ жұртын үйрете бергей!
Айбек ЖҮЗБАЙ