Қарттар күніне орай облыстық «Қостанай таңы» газетінің тарихында айрықша орны бар ардақты ардагерлерге арналған мерекелік басқосу ұйымдастырылды. Арнайы жайылған дастарханға редакцияда ұзақ жыл қызмет еткен аға буын өкілдері шақырылды.
Редакция ұжымында жылдар бойы басылымның дамуына сүбелі үлес қосқан зейнеткерлерді әрдайым құрметтеп, олардың өмір жолы мен тағылымды тәжірибесін жас буынға өнеге ету дәстүрі қалыптасқан. Бұл жолғы дастархан басындағы жүздесу де жылы естеліктерге толы болды. Ардагерлер өткен жылдарды еске алып, талай қызықты шақтарын бөлісті. Бір-біріне ізгі тілектерін арнады.

Қара шаңырақ ардагерлерінің өмір жолы осы басылыммен біте қайнасып кеткен. Ал олардың қаламынан туған әрбір туынды – кейінгіге қалдырылған қымбат қазына. Сондықтан да осындай кездесулер жас ұрпақты рухтандырып, еңбектің қадірін ұғынуға жол ашады.

Жылы жүздесуде қарт майдангер, «Қостанай таңының» ардагері Қасымхан Алдабергенұлы бүгінгі жас буынның аяқ алысына ризашылығын білдіріп, басқосуды ақ батасымен түйінделді. Абыз ақсақал редакцияда жиырма жылдан артық табан аудармай еңбек еткен. Қамысты, Жітіқара, Меңдіқара, Ұзынкөл, Науырзым, Әулиекөл аудандарында меншікті тілші болған.

Сондай-ақ басқосуда сатирик Дамир Әбіш, жазушы-журналистер Жайберген Болатов, Жанұзақ Аязбеков, Қанат Аужанов, Мираш Жүнісбеков, Оразалы Жақсанов, Мнаура Қабдырахметова, Гүлназым Сағитова бұрынғы және бүгінгі ұрпақтың сабақтастығын сөз етіп, ұстаздарын, аға буын өкілдерін еске алды. Қызмет жолындағы қызықты сәттер де айтылмай қалған жоқ. Қара шаңырақ қабырғасында Меруерт Қалаусызова, Сұлушаш Хасенова, Сәуле Ыбыраева, Жаңылсын Баймағамбетова, Анатолий Кузнецов сынды мамандар ұзақ жыл қызмет еткен. Олар да ойларын, естеліктерін бөлісті. Фотограф Ким Зон Хун бас редакторға өзінің бірнеше жыл жинаған архивін табыс етті. «Мынау қазынаны сізге сеніп тапсырамын», — деді ол арқалап келген ақ дорбасын ұсынып тұрып.

Ізгілік пен ілтипатқа толы мейрамда бас редактор Кенжеш Оразғалиқызы ардагерлерге арнап жүрекжарды лебізін білдірді:
«Көптен ойда жүрген бұл басқосу қарттар күніне орай сәтімен өтіп отыр. Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету – ата-бабадан жалғасқан асыл дәстүріміз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіздің біз үшін орны ерекше. Әрқайсыңыздың облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз зор, талай шәкірт тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсетуден жалықпайсыздар. Біз сіздерден әрдайым өнеге аламыз. Қарттар күнін біз аға буынға алғыс айту күні деп түсінеміз. Бұл күн жүрегімізді мейірімге бөлеп, сіздердің қадір-қасиеттеріңізді тағы бір мәрте ұғындырады. Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жанұялық шаттық тілеймін», – деп сөзін тілекпен көмкерді.

Кешті облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы орталығының өнерпазы Гүлнұр Қайсарова әнмен әсемдесе, «Глория» мейрамханасы дастарханға дәмді тағамдарын толтырды.

Ардагерлердің әрқайсысы – «Қостанай таңы» шежіресінің бір-бір парағы. Олардың еңбегі мен өнегесі жас буынға шамшырақ болып қала бермек.
