Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – болашақ мамандарға жәрдем

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – болашақ мамандарға жәрдем

Жұмысшы мамандықтар жылына орай Қостанай қаласындағы жоғарғы оқу орындардың бірінде Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Іс-шара Қостанай облысы әкімдігінің Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жұмыс берушілермен жас мамандар және студенттер кездесіп, бос жұмыс орындар жайлы мәлімет алып, жұмысқа орналасу және кәсіби даму мәселелері бойынша толық кеңес алды.

«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қала түлектері ғана емес, облыстың Қарабалық ауыл шаруашылығы колледжінен, Қостанай ауданынан, Рудныйдан студенттер келді. Барлық бағыттар бойынша мамандар жиналды. Олар – медицина қызметкерлері, техниктер, педагогтар, мәдениет қызметкерлері. Жоғары курс студенттерінің арасында технологтар, бағдарламашылар, автоматизация, бухгалтерлер және тағы басқа мамандық иелері бар. Себебі, біз бұл іс-шараны бүкіл облыс үшін өткізіп жатырмыз. Тағы айта кететін жайт, жұмыс берушілер бос орындар ұсынумен қатар өз өндірістерінде шығаратын тауарларын көрсетті. Олардың қатарында эко-тауарлар және өндірістік қызметінің нәтижесінде алынған өнімдер бар», – дейді мансап және бизнес көшбасшылық орталығының директоры Айгүл Сегізбаева.

Болашақ мамандарға көмек ретінде ұйымдастырылған іс-шара «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр.

 blank blank blank blank

Жәрмеңке қатысушысы Иван Кузнецов машина жасау мамандығында білім алады. Болашақта көздегені – осы саланың үздігі атану.

blank

«Жалпы оқуға көңілім толады, бәрі ұнайды. Мұнда өте жақсы білім береді, оқытушылардың біліктілігі жоғары. Жалпы, осы жоғары оқу орнында оқып жатқаныма ризамын. Жалпы, кішкентай кезімнен бастап машиналардың механизміне, бүкіл құрылымына қызығушылық таныттым. Сондықтан, бұл мамандық маған ең жақын болып шықты. Жәрмеңкеге өзім үшін жаңалық білу, тәжірибе жинау үшін келдім. Жұмыс берушілермен кездесіп, өз жолымды таңдау үшін келдім. Қазір елде инженерлер, дәнекерлеушілер сияқты мамандар сұранысқа ие екенін білемін. Шаруа қожалығында практика өттім. Сонымен қатар, екінші курста «Астық» элеватор зауытында сабақтарым болды. Сол жерде де тәжірибе жинақтадым», – дейді болашақ маман Иван Кузнецов.

Жұмыс ұсынушылардың қатарында қаладағы алпауыт кәсіпорындардың бірі «Allur» компаниясының өкілдері де бар. Кәсіпорын өндірісі жыл сайын артып келеді. Сол себепті жүргізушілер, электротиегіш жүргізушілері, дәнекерлеушілер, слесарлар, жинақтаушылар қажет-ақ.

«Біздің кәсіпорын қызметкерлерін тегін тамақпен, арнайы автобуспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, көптеген серіктестер бар, сондықтан олар бізге азық-түлік дүкендерінде, мейрамханаларда, сондай-ақ фитнес-клубтарда және тағы басқа жерлерде жеңілдіктер ұсынады. Осындай жәрмеңкелер лайықты маман табуға көмектеседі. Шамаен жүз шақты адам қызығушылық танытса, оның 30-ға тартасы нақты жұмысқа орналасады. Қазір зауытта 3,5 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Сондай-ақ, жүзге тарта бос орын бар. Оқуын бітірген, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемеген студенттер біздің зауытта тәжірибе жинақтап, кейін ресми түрде жұмысқа орналаса алады», – дейді «Allur» компаниясының кадр таңдау және бейімдеу жөніндегі маманы Аружан Айтымбетова.

Тағы бір колледж студенті Станислав Сас қазір төртінші, яғни, соңғы курста оқып жүр. Ағасының ізін қуған Станислав дене шынықтыру пәнінің болашақ мұғалімі.

blank

«Ағам дене шынықтыру мұғалімі болды, ол маған үлгі. Бала кезімнен балалармен жұмыс істеуді және өмірімді спортпен байланыстыруды армандадым. Меніңше, бұл мамандық сұранысқа ие. Себебі, қазіргі уақытта елді мекендерде үнемі мектептер, спорт кешендері салынып жатыр. Ол жерлерге дене шынықтыру мұғалімдері де, жаттықтырушылар да үнемі қажет. Жәрмеңкеден өзіме қажетті дүниелерді қарастырып, тіркеп алдым. Спортта мұғалім немесе жаттықтырушы ретінде балалармен өзара іс-қимыл жасау, олардың тәлімгері болу және одан әрі дамуына көмектесу ұнайды», – дейді Станислав Сас.

Жәрмеңке алаңында қатысушыларға бірқатар маңызды мүмкіндіктер ұсынылды. Көрме экспозициялары мен жарнамалық өнімдер қойылды.

blank

Сондай-ақ өндіріс өкілдері өз тауарлары мен қызметтерін көрме-сатылымға шығарды. Қатысушылар мансаптық кеңес беру бойынша практикалық кейстер талдауға қатысты. Қорыта айтқанда, жәрмеңке облыс экономикасының дамуына қажетті жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және жастардың еңбек нарығына табысты кіруіне жағдай жасау бойынша өз міндетін толық атқарды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген  автор