Әулиекөл ауданына қарасты Көктал ауылы тұрғындары бірауыздан алкоголь өнімдерінен бас тартты. Өз елді мекендерін «Ішімдіксіз аймақ» деп жариялаған ауылдықтар, бұл шешімдерін қоғамның денсаулығын нығайту, рухани құндылықтарды сақтау және ауылдағы қауіпсіздікті арттырмақ ниетте.
Ауыл клубында ішімдіктен бас тартуға бағытталған жиында мұғалімдер, ақсақалдар, дәрігерлер, фермерлер мен дін өкілдері бас қосты. Жиында сөз алған мектеп директоры Н.Ислямова:
«Біз жас ұрпақтың дені сау, саналы және жауапты болып өсуін қалаймыз. Ішімдіксіз өмір – бұл өркендеуге бастайтын даңғыл жол», – деп, көпшіліктің ойын білдірді.
Ауыл ақсақалы А. Әміржанов соңғы үш жылда Көктал ауылында бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмегенін мақтанышпен жеткізіп:
«Бұл бастама ауылымыздағы тыныштық пен тәртіпті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді», – деген сенім білдірді.
Ал ауыл имамы Н. Балахметов:
«Ішімдіксіз өмір – бұл тек денсаулыққа емес, рухани байлыққа да жол ашатын таңдау», – деп пікір қосты.
Көктал ауылы бүгінде өзгелерге үлгі боларлықтай. Ауылда спорттық жарыстар, салауатты өмір салтын насихаттайтын дәрістер мен ауыл тұрғындарын біріктіруге арналған мәдени шаралар ұйымдастырылады. Ең маңыздысы, ауыл тұрғындары өздері бұл шешімді қадағалап, оның орындалуына атсалысып келеді. Бұл ортақ болашақ үшін әр адамның жауапкершілік сезімін арттыра түсті.
«Ішімдіксіз ауыл» жобасын қабылдау – ауылдың бірлігі мен саналы таңдауының символына айналды. Көктал тұрғындарының бұл бастамасы өзгерістің әр адамның өз отбасынан басталатынын және ұжымдық күштің үлкен нәтижелерге жеткізетінін айқын дәлелдеп отыр.
Әулиекөл ауданы