Қостанай облысында мұнай мен газдың бар-жоғын анықтау үшін геологиялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл жұмыстардың нәтижесінде мұнай мен газ болуы ықтимал аумақтар анықталуы мүмкін.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Қанат Ерубаевтың айтуынша, Солтүстік Торғай бассейні – еліміздегі аз зерттелген бес шөгінді бассейннің бірі. Оның солтүстік бөлігінде, яғни Ресей аумағында, мұнай өндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал Қазақстанға тиесілі оңтүстік бөлігінің геологиялық әлеуетін анықтау енді басталады.
Солтүстік Торғай шөгінді алабының (бассейнінің) жалпы аумағы геологиялық зерттеулер бойынша 75 мың км²-ден 120 мың км²-ге дейінгі ауқымды қамтиды. Алап Тұран тақтасының (Торғай синеклизасының) солтүстігінде орналасқан және Оңтүстік Торғай бассейнінің солтүстіктегі заңды жалғасы саналады.
Географиялық орналасуына келсек, бассейннің негізгі бөлігі Қостанай облысының аумағында жатыр, ал оның шеткі оңтүстік-батыс және шығыс бөліктері ішінара Ақтөбе мен Ақмола облыстарының жеріне кіреді. Солтүстік шекарасы Ресейдің Қорған облысының оңтүстік беткейіне дейін созылып, Батыс Сібір плитасымен ұштасады.
«Солтүстік Торғай бассейнінің жоғары бөлігі біздің көршіміз – Ресей мемлекетінің аумағына кіреді. Бұл жағында көптеген мұнай жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал, Қазақстан аумағында жатқан оңтүстік бөлігі зерттелмеген. Біз дәл осы жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жаңа көмірсутек кен орындарын анықтауға барлық мүмкіндік бар. Дегенмен, зерттеу жүргізбейінше, нақты бір нәрсе айту мүмкін емес», – дейді Қанат Ерубаев.
Солтүстік Торғай бассейнін зерттеу үшін екі өлшемді сейсмикалық барлау әдісі қолданылады. Мамандар жер астындағы қабаттардың құрылымын зерделеп, мұнай мен газ жиналуы мүмкін учаскелерді анықтайды. Зерттеу жұмыстарының жалпы ұзындығы 4200 шақырымды болады делініп отыр.
Мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында екі жоба жүзеге асырылмақ. Қанат Ерубаевтың мәліметінше, олардың жалпы құны – шамамен 12 млрд теңге. Жұмыстар 2028 жылға дейін жүргізіледі. Қазіргі уақытта жобалардың бірі бойынша конкурс аяқталып, жеңімпаз компаниямен келісімшарт жасалған.
«Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – перспективалы мұнай-газ құрылымдарын анықтау. Қазіргі уақытта жобалардың бірі бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, жеңімпаз компаниямен келісімшарт жасалды», – дейді комитет төрағасы.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, сейсмикалық барлау Қостанай, Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Қарабалық, Қарасу, Меңдіқара, Сарыкөл, Федоров, Ұзынкөл аудандары мен Бейімбет Майлин ауданын қамтиды.
Геология комитетінің төрағасы мұндай зерттеулердің маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет алдымен аумақтың геологиялық құрылымын зерттеп, перспективалы учаскелерді анықтайды. Ал алынған мәліметтер кейін инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушыларға ұсынылады. Бұл жаңа кен орындарын іздеу жұмыстарын бастауға жол ашады.
Бұдан бөлек, Қостанай облысында 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім жүргізу жоспарланған. Жоба 2027–2029 жылдары жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде мұнай мен газдың өнеркәсіптік қоры анықталған жоқ. Жүргізілетін зерттеулер жер қойнауының әлеуетін бағалауға бағытталған. Егер перспективалы учаскелер табылса, келесі кезеңде іздеу-барлау және бұрғылау жұмыстары қолға алынуы мүмкін.
Гүлзада Нұрмағанбетова

