Ұстау жағдайы мен азаптаудың алдын алу: үйлестіру кеңесі салалық министрліктерден нақты шаралар қабылдауды талап етті

Ұстау жағдайы мен азаптаудың алдын алу: үйлестіру кеңесі салалық министрліктерден нақты шаралар қабылдауды талап етті

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы Ұлттық превентивтік тетік (ҰПТ) қатысушыларының Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі мекемелеріне барған сапарларының қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдарының орындалу мәселелеріне арналған Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаптаудың алдын алуда Ұлттық превентивтік тетіктің (ҰПТ) айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Оның ұсынымдарын іске асыру – азаптаудың алдын алудың ұлттық жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. Бұл ретте мемлекеттік органдардың міндеті – формалды түрде жауап берумен шектелмей, анықталған кемшіліктерді жою және алдағы уақытта осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін жүйелі жұмыс жүргізу.

Сондай-ақ ол қатыгездік танытуға және адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынасқа жағдай туғызатын заңбұзушылықтар туралы материалдардың уәкілетті органдарға жолданғанын еске салды.

Үйлестіру кеңесінің отырысы нақты мәселелерді талқылау және принципті пікір алмасу форматында өтті. Жиынға ҚР Ішкі істер вице-министрі Абай Серікұлы Қайырбеков, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Елебергенұлы Рамазанов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Талқылау барысында бас бостандығы шектелген мекемелерде отырған адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерге және бұған дейін анықталған заңбұзушылықтарды жою бағытында ведомстволар қабылдап жатқан шаралардың жеткіліксіздігіне баса назар аударылды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері Р.П. Шер мен Ю.Ю. Колесников ҰПТ ұсынымдарында бірнеше рет көтерілген бірқатар жүйелі мәселенің шешімін табуда тиісті нәтижеге қол жеткізе алмағаны үшін салалық ведомстволардың басшыларын қатаң сынға алды.

Кеңес мүшелерінің пікірінше, Үйлестіру кеңесінің принципті ұстанымы мынаған саяды: адамның жабық мекемеде болуы оның адами қадір-қасиетін, қауіпсіздігін, денсаулығын қорғау және қорғалу құқығын шектеуге негіз бола алмайды.

Кеңес мүшелері 2026 жылы ҰПТ қатысушылары жүргізген превентивтік сапарлар бірқатар жүйелі мәселені қайта анықтап, олардың өзектілігін тағы да көрсеткенін атап өтті.

Тұрмыстық және санитарлық жағдайдың талапқа сай болмауы, қажетті жабдықтардың жеткіліксіздігі мен инфрақұрылымның тозуы мұндай мекемелерде отырған адамдардың құқықтарына, денсаулығы мен қадір-қасиетіне тікелей әсер етеді.

Үйлестіру кеңесі мүшелерін Ішкі істер министрлігіне қарасты пенитенциарлық жүйе, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру мекемелерінің кейбірінде белгіленген орын санының шамадан тыс толтырылуы ерекше алаңдатты.

Бүгінде Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында, Абай облысында, Астана және Шымкент қалаларында орналасқан жабық мекемелерде санитарлық талаптардың сақталмауы, толыққанды әрі сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру, тиісті медициналық көмек көрсету, көлікпен қамтамасыз ету мәселелері әлі де бар. Жалпы алғанда, бұл мекемелердің материалдық-техникалық базасының жай-күйі де алаңдаушылық туғызады.

ҰПТ қатысушыларының ұсынымдары – жай ғана ресми хат алмасу немесе ескеріп қана қоюға болатын тілектер тізімі емес. Оларды нақты орындау қажет.

Кеңес мүшелері кәмелетке толмағандар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, қолжетімді жағдай жасау, тиісті күтім көрсету, медициналық және психологиялық көмек ұйымдастыру мәселелеріне де ерекше назар аударды. Бұл ретте олардың жасы, денсаулық жағдайы мен жеке қажеттіліктері ескерілуі тиіс.

Талқылау барысында Қазақстанның азаптаудың алдын алу және адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау деңгейі де сараланды. Халықаралық шарттардың ережелері мен мемлекет қабылдаған міндеттемелер жабық мекемелердің күнделікті жұмыс тәжірибесінде нақты көрініс табуы керектігі атап өтілді. Оларды нормативтік құжаттар мен ведомстволық есептілік аясында ғана қалдыруға болмайды.

Қаржыландырудың жеткіліксіздігі, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі мен инфрақұрылымдық шектеулер адамның негізгі құқықтарына тікелей қатысты мәселелерді шешуді кейінге қалдыруға себеп болмауы керек.

Ведомство басшылары анықталған кемшіліктерді жоюға жүйелі түрде кірісіп, қажетті ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстарды айқындауы, сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесіне жауапты лауазымды тұлғаларды нақты белгілеуі тиіс.

Отырыста ҰПТ ұсынымдарын орындауға қатысты формалды көзқарасты қайта қарау қажеттігі де ерекше атап өтілді. Қабылданған шаралар туралы жауап жолдаудың өзі заңбұзушылықтардың іс жүзінде жойылғанын білдірмейді.

Ұсынымдардың орындалу өлшемі – мекемелердегі ұстау жағдайларының нақты жақсаруы, қауіпсіздік деңгейінің артуы, адамға лайықты қарым-қатынастың қамтамасыз етілуі және адам құқықтарының бұзылуына ықпал ететін факторлардың жойылуы.

Отырыс қорытындысы бойынша салалық министрліктердің өкілдеріне бірқатар нақты міндет жүктелді. Атап айтқанда:

— ҰПТ ұсынымдарын формалды орындауға жол бермеу;
— мемлекеттік органдар мен мекемелердің лауазымды тұлғаларының жеке жауапкершілігін күшейту;
— ҰПТ ұсынымдарының орындалуына ведомствоаралық бақылауды арттыру;
— белгіленген мерзімдерді созбалаңға салу тәжірибесін тоқтату;
— нақты нәтижелерді формалды есептермен алмастыруға жол бермеу.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Үйлестіру кеңесінің бұл бағыттағы жұмысы жалғасады. ҰПТ ұсынымдарының орындалуы, жүйелі кемшіліктердің жойылуы және жабық үлгідегі мекемелерде отырған адамдардың құқықтарының сақталуы ерекше бақылауда болады.