Қостанай облысында көшпелі заңдастыру жұмыстары басталды

Қостанай облысында көшпелі заңдастыру жұмыстары басталды

Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбековтің 2 наурызда өткен есепті кездесуінде облыстың шалғай өңірлерінде 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді жергілікті жерлерде заңдастыру процессін ұйымдастыру қажеттілігі туралы мәселе көтерілген еді. Облыс тұрғындары көлікті заңдастыру үшін облыс орталығына бару өте алыс және қымбатқа түсетінін айтқан болатын. Осыған байланысты көшпелі комиссия жолға шықты.

Облыстың шалғай өңірлерінде автомобильдерді ресімдеу мәселесін шешу үшін көшпелі заңдастыру комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына Қостанай облысы ПД процессингтік орталығы мен криминалистикалық қызметінің мамандары кірді.

– Полиция қызметкерлері барған бірінші өңір Арқалық қаласы болды. Онда бір күнде 90 шетелдік автокөлікке тексеру жүргізілді. Оның 73-і заңдастырылды, – дейді Қостанай облысы ПД әкімшілік полиция бастығы Сымбат Төребеков.

Автокөлік иелері полицейлерге жұмыстағы осындай тәсіл үшін алғыс айтып, көшпелі комиссияның арқасында жүздеген шақырымға бару бейнетінен құтылғандарын айтты. Комиссия жұмысын Арқалық қалалық мәслихатының депутаты Серік Төлепбаев та тексерді. Ол осындай форматтағы жұмыстың ыңғайлылығын атап өтті.

– Сайлаушылар көшпелі комиссия туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Полицейлер барлық қажетті процесті сол жерде ұйымдастырды. Қаншама тұрғын қазақстандық мемлекеттік нөмірлерін алып үлгеріп жатыр. Құптарлық үрдіс, – дейді Серік Төлепбаев.

Айта кету керек, 17 сәуірде бұл көшпелі комиссия Жітіқарада жұмыс істейтін болады. Шетелдік автокөлік иелерінің сол жерде заңдастыру рәсімінен өтуге мүмкіндігі бар.

Жаңалықтармен бөлісу