Қостанай облысында 20 мыңға жуық татар-башқұрт ұлтының өкілдері тұрады

Қостанай облысында 20 мыңға жуық татар-башқұрт ұлтының өкілдері тұрады

Өңірде жұмыс істеп жатқан этномәдени бірлестіктердің  ішінде «Дуслык» татар-башқұрт мәдени орталығының алатын орны ерекше. Бүгінде қазақ жеріне сіңісіп, өз отанындай көретін диаспора қай жағынан да даму үстінде.

«Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі 1995 жылдың сәуір айында ресми түрде тіркеуден өткен. Ресми мәліметке сүйенсек, Қостанай облысы бойынша 16 мыңнан астам татар және 3800-ден астам башқұрт тұрады. Орталық төрағасы Ринад Бектемировтің айтуынша, орталықты ашудағы мақсат – татар мен башқұрт халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын нығайту,  бауырлас халықтардың этносының шығармашылығын қолдау.

«Қоғамдық келісім» мекемесінде жиырмаға жуық орталық бар. Біздің бірлестік 1995 жылы құрылды. Содан бері бірлігіміз бен достығымыздың іргесі беки түсті. Әртүрлі іс-шара ұйымдастырып тұрамыз, ол үшін арнайы қаражат та бөлінеді. Ата-бабаларым осы Қазақстанда туып өскен. Анам Ресейдің Қорған облысынан келген.  Мұнда көптеген ұлт өкілдерінің  қуғын-сүргін, соғыс кезінде жер аударылғаны белгілі. Татарлар мен башқұрттар да Пугачев заманынан  бастап қазақ еліне келе бастаған. Себебі, екі халықтың әдет-ғұрпы, тілі мен діні де ұқсас. Тың игеру кезінде, зауыттар мен фабрикалар салына бастағанда тағы бір лек қоныс аударды», – дейді Р. Бектемиров.

«Дуслык»  этномәдени бірлестігінің жыл сайынғы Сабантойды  мерекелеуі өте ерекше және қызыққа толы өтеді. Соқа мерекесінде ұлттық тағамдарының дәмін ғана татып,  қолөнершілердің көрмесін тамашалап, жарқын концерттік бағдарламадан ләззат алып қана қоймай, сонымен қатар балуандарға жанкүйер болуға болады. Белбеу күресі, куряш тәрізді ұлттық спорт ойындары керемет әсерге бөлейді. Жарыс жеңімпазына  дәстүр  бойынша қой сыйға тартылады. Оны кім жеңіп алса да,  мойынына салып алып кетеді. Бізге Челябінің, Троицкінің, Қорғанның, Татарстанның, Башқұртстанның әртістері мереке сайын келеді. Қазан және   Уфа театрларымен тығыз байланыс орнаттық. Олар да гастрольдік сапармен Қостанайға жиі ат шалдырады.

2018 жылы  алғаш рет «Достық үйі» бірлестігімен  бірге «Татар қызы» атты қалалық сұлулық пен таланттар  сайысы ұйымдастырылды. Бұл сайыс бүгінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Конкурс ең алдымен, татар халқының салт-дәстүрі мен тарихын дамытуға, сондай-ақ,  іс-шараларға белсенді жастарды тартуға бағытталған. Сол байқауда Дина Абдрахманова жеңімпаз атанды. Артынша ол Ақтөбе қаласында өткен байқауда екінші орынға ие болып, Қазан қаласында өткен  әлемдік байқауда бақ сынаған. Бірлестік белсенділері Алғыс айту күні мен Қазақстан халқының бірлігі күнін, қалалық және облыстық іс-шараларды мерекелеуге атсалысады.  Этнос өкілдері түркі жұртының төл жаңа жылы – Наурыз мейрамын да асыға күтеді. Ұлттық киімін киіп, көпшілікке татар тағамдарынан ауыз тигізеді. Ұлттық мерекені ұлықтап, бір-бірінің үйіне құттықтай барып, арқа-жарқа болады. Бір жағынан, бұл  қазақтың көрісу дәстүріне ұқсайды. Ерекшелігі сол, татар халқы бұл күні Қыдыр атаны емес, Наурыз бикені күтеді екен.

“Жыл сайын бірлестік өкілдері жаппай сенбілік өткізіп,  Қостанай және Қостанай ауданында жерленген мұсылман  қорымын күл-қоқыстан тазарып тұрады. Жалпы, тізе берсек, орталықтың атқарған істері ауқымды. Өкінішке қарай, жастар өз ұлтының құндылығы мен тарихын білмейді, қызықпайды. Іс-шараларды жастар ата-әжелерінен көріп үйренсін,  жадында сақтасын деп ұйымдастырамыз. «Жақсы қариялар жоқ жерде, жақсы жастар болмайды», үлкендер жағы жастарға үлгі болуы керек. Бізде аралас некелер көп. Әрдайым бір-бірімізге қонаққа барамыз, араласып тұрамыз”, – дейді орталық жетекшісі.

Әсел ҚИБАШ

Жаңалықтармен бөлісу