Қостанай ауданының елді мекенінде құқық кабинеті ашылды

Қостанай ауданының елді мекенінде құқық кабинеті ашылды

Қазақстан Республикасы әділет органдарының негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған кең көлемді құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осы бағытта елімізде нақты шаралар қабылданып жатыр, соның бірі – ауылдық жерлерде құқық кабинеттерін ашу.

Осы мақсатта облыстық Әділет департаменті мен облыс әкімі аппараты бірлесе отырып, өңір елді мекендерінде құқықтық орталықтарды құру жобасын жүзеге асыруда. Жуырда осындай құқық кабинеті Қостанай ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде ашылды.

Қазіргі таңда облыс бойынша 210-нан астам құқық кабинеті жұмыс істейді.

– Құқық кабинеттері – әр азамат заңнама бойынша қажетті ақпарат ала алатын арнайы ұйымдастырылған орын. Мұнда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер базасына қол жеткізу мүмкіндігі бар жұмыс орындары жабдықталған, бұл ауыл тұрғындарына өзқұқықтары мен бостандықтарын қорғауға қажетті заңдарды өз бетінше үйренуге мүмкіндік береді, – дейді Әділет департаментінің мамандары.

Ол орынның негізгі міндеттері – ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарды өз құқықтарын заң аясында қорғау құралдары туралы ақпараттандыру, сондай-ақ құқықтық құжаттармен өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын үйрету. Бұл бастама өңір тұрғындарының оң бағасына ие болып отыр. Мұндай кабинеттер ауыл азаматтары үшін құқықтық қорғаныстың сенімді құралына айналып келеді.