Арқалық қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Данияр Қожахметов «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысқаны үшін Президенттен қолынан «Алғыс» алды.
Қаланың жастар көшбасшысы ел жастарымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысып, марапатталып келді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде:
– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп.
Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деген болатын.
Данияр Қожахметов өткен жылы көктемгі су тасқыны кезінде де асқан белсенділік танытып «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марпатталған еді. Төсбелгіні қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Асылхан Нұрғалиев табыстады.
«Мемлекет басшысының қолынан «Алғыс хат» алғаныма өте зор қуаныштымын. Мен бұл марапатты жастарымыздың елімізге, туған жерімізге жасап жатқан еңбегіміздің жемісі деп білемін»,-дейді Данияр Қуанышұлы.
Арқалық қаласы