Мемлекет пен қоғам тарапынан есірткімен күрес күн тәртібінен түспейтін түйткіл. Осыдан 15-20 жыл бұрын нашақорлық кесірінен ажал құшып жатқандар, кеселді заттарды жұтып алып шекара кесетіндер, ұшақта, вокзалдарда, әуежайларда ұсталатындар жайында батыс фильмдерінен ғана көруші едік.
Қазір, өкінішке қарай, бұл дерт біздің елімізді де кең жайлап кетті. Құдайдың құтты күні бәлен жерде бәленше келі, түгенше граммен ұсталып жатыр деген жаңалыққа көз де, құлақ та үйренді.
Өткен жылы өңірімізде 214 келі есірткі тәркіленген болса, оның жарты келіден артығы героин, екі келіден астамы «синтетикалық» есірткі. Бір жарым миллион доза болатын тыйым салынған заттың қара базардағы бағасы 700 млн теңгеге бағаланады екен.
Енді мына бір дерек жағаны ұстатады. Осы жылдың алғашқы үш айында аймағымызда есірткіге қатысты 106 қылмыс тіркеліп, заңсыз айналымнан 300 келіге жуық кеселді зат тәркіленген. Ал, былтырғы дәл осы кезеңдегі көрсеткіш 12 келі! Бұл тек тәртіп сақшылары жолын кесті деген ақпарат. Әйтпесе, полициядан бөлек, ҰҚК департаменті әшкерелеген қылмысты есептесек, тонналап санауға болады.
Айфон үшін абақтыда отыр
Жыл басында колледжде оқитын екі студент бойжеткеннің ұсталғаны жайында естіген боларсыздар. Екеуі де 18 жасар қыздар. Есірткіні белгілі мекенжайға апарып қоюмен айналысқан. Ал, осының алдында гимназияның 11-сынып оқушысы құрыққа түсті. Ол да есірткі тасушы. Нашаға әбден мас болған жасөспірім подъезде ес-түссіз жатқан жерінен табылды. Жедел жәрдем келіп, өзіне келтірді. Өне-бойын тінтіген кезде қырыққа жуық есірткі орамасы табылды.
«Маған жастар, соның ішінде мектеп оқушылары, колледж, ЖОО студенттері осындай әрекетке қалай барады деген сұрақ жиі қойылады. Қазіргі технологияның дамыған заманында оның ешқандай қиындығы жоқ. Әлеуметтік желіде жарнамалық сипаттағы хабарландырулар өріп жүр. Есірткі тасымалдаушы курьер жұмысы үшін 500-700 мың теңге жалақы тағайындаған. «Бұл не деген батпанқұйрық айдалада жатқан» деп жастардың қызығушылығы оянады. Сол курьерлер өздеріне тапсырма беретін наркодилерлердің кім екенін де танымайды. Себебі, қазір барлығы онлайн да, «басшылары» Қазақстаннан тыс аумақтарда. Тауарды қайдан алып, қайда апаратынын мессенджерде отырып-ақ жазыса береді. Жыл өткен сайын есірткі саудалаудың жаңа тәсілі өріс алып кетті», – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкері Айгүл Ерәділова.
Полиция өткен жазда есірткі қылмысына қатысты 25 жылға түрмеге тоғытылған екі жігіт жайында фильм түсірді. Бұл бейне көрініс басқаларға сабақ болсын деген ниетте таспаға жазылып отыр. Сол сотталушылардың бірімен әңгіме кезінде «Не үшін есірткі саудасына бардың?» деген сұраққа «Айфон сатып алғым келді» депті.
Кескен сайын өскен…
Қанша жерден тыйым салғанмен, осы есірткі қайдан келіп жатыр деген сауал қоюыңыз мүмкін. Рас, бұл бәлеңіз кескен сайын сорайып өсе беретін жеті басты айдаһардың өзі болды. Бұрын ол алыс-жақын көрші мемлекеттерден тасымалданатын. Қазір Қазақстанның өзінде қатерлі зат өндірілетін болған. Тек өткен жылы елімізде 14 жасырын нарко лаборатория әшкереленген.
Әрбір интернет-дүкеннің артында есірткі сатушылар, курьерлер, наркодилерлерден құралған тұтас қылмыс-
тық топтар тұр. Полиция таратқан мәліметке сүйенсек, 2022 жылы мазмұны қауіпті, психоактивті заттар мен есірткінің жаңа түрлерін жарнамалайтын 397 сайт пен сілтемелер анықталған. Олардың барлығы «Киберқадағалау» жүйесі арқылы бұғатталыпты.
«Баланы – жастан»
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік бейне роликтер, фильмдер түсіріліп, қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізілгенмен, кеселдің беті қайтар емес. Дәл қазіргі уақытта облыстық наркологиялық диспансерде кәмелетке толмаған 10 жасөспірім есепте тұр. Бұрын нашақор дегенді естісек, «жағдайы келіспеген отбасынан шыққан» деген түсінік болатын еді. Бүгінде бұның мәртебесі де өзгерді. Бай-бағланның да, жарлы-жақыбайдың да балалары бар.
Гүлсім Бисембаева, облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы:
«Отбасында алдымен психологиялық иммунитет қалыптасуы керек. Себебі, нашақорлық алдымен адамның жүйке жүйесін тәуелді ететін дүние. Қанша жерден дені сау, денесі зор болса да, есірткіні жиі қолданған жан соның құлы болып шыға келеді. Оған төрт фактор әсер етеді: адамның жасы, есірткінің түрі, көлемі мен тазалығы. Сондықтан балаңыздың нашақорлыққа тәуелді болмауына отбасының 80 пайыз ықпалы бар».
Басы – сайран, түбі – ойран…
2008 жылдан бастап Қылмыстық Кодекстің 297 бабына өзгерістер енгізіліп, есірткі психотроптық және олардың балама заттарын сақтаған, сатқан, тасымалдағандарға қатысты жаза қатайтылды – 15-тен 20 жыл және өмір бойына бас бостандығынан айыру. Осы баптың төртінші тармағына сәйкес мектеп, орта арнаулы, ЖОО аумағында кеселді таратқандар 25 жылға дейін немесе өмірінің соңына дейін абақтыда өткізеді. Мүлкі де тәркіленеді. Ал 2020 жылы Қылмыстық Кодекске жаңадан 299-шы бабы енгізілді. Бұл бап әсіресе дуалдарға, қабырғаларға аэрозол бояуларымен сайттар мен кеселді заттардың атауын жазатындарға қатысты. Онда есірткіні заңсыз жарнамалайтындарға қатысты 6 жылға дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Алайда, қанша жерден қақпақыл болсаң да, нашаға еліктеушілер қатары сирер емес. Ең өкініштісі, өмірі енді ғана бүр жарып келе жатқан балғын жастардың осы бір кесапаттан уланып, қыршыннан қиылып, бейбақтардың абақтыға қамалып жатқаны арқаңа аздай батады.