Лисаков қаласында ауыз суды тың технологиямен тазалап жатыр

Лисаков қаласында ауыз суды тың технологиямен тазалап жатыр

Ауыз суды бұрынғыдай хлормен тазалау әдісі қазір қолданылмайды. Оның орнына арнайы реагент пайдаланылады. Жаңа жүйені елімізде алғаш болып Лисаков қаласы енгізіп отыр.

Лисаков қаласында су тазарту станциясы жарты ғасыр бұрын салынды. Былтыр нысан жаңғыртудан өтіп, бірсыпыра инновациялық жүйемен жабдықталды. Модульді станция орнатылып,  хлордың орнына реагент пайдалану қажеттілігі туды. Енді шағын шаһар тұрғындары экологиялық таза ауыз су тұтынады.

– Реагенттің құрамында тұз жоқ. Оның адам денсаулығына ешқандай қаупі жоқ. Ауыр металдарды, органикалық ластануды тиімді тазартады. Аталған технология Финляндия және Чехияда кең қолданысқа ие. Жаңа жүйе Ресейдегі 150-ге жуық қалада өзінің тиімділігін дәлелдеген, – дейді бас мердігер Андрей Кусов.

Тазарту жүйесіне Лисаков қаласының қазынасынан 162 млн теңге бөлінді. Жергілікті билік өкілдері бюджет қаржысы өзін толық ақтайтынына сенімді.

Тіршілік нәрінің сапасы жақсаратыны сөзсіз. Яғни, адам денсаулығына да пайдасы болады. Құбырлар көпке дейін шыдас береді. Реагенттің өзі арзанға түсіп, көп мөлшерде қолданылмайды. Өз кезегінде бұның экологияға зияны болмайды. Ескі технологиядан бас тарту су құбырларының пайдалану мерзімін үш есе арттырады. Коммуналдық салада қаражаттың айтарлықтай үнемі болады.

– Тарифтің тұрақтылығына да әсер етеді. Судың өзіндік құны төмендеп, негізсіз қымбаттауын болдырмайды. Әзірге ауыз су тазартудың бұл технологиясы республикада алғаш бізде енгізілді. Қазір оның бірінші кезеңі аяқталды. Нысандағы жұмыстардың екінші кезеңі биыл жалғасады. Қалада ауыз судан басқа кәріз жүйелерін тазартудың тың технологиясы да қолданысқа енгізіледі, – дейді қала әкімінің орынбасары Саят Шаймұрынов.

 

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Жаңалықтармен бөлісу