Қостанайда кампус үлгісіндегі жатақхананың алғашқы іргетасы қаланды

Қостанайда кампус үлгісіндегі жатақхананың алғашқы іргетасы қаланды

“Allur” автозауыты салып жатқан тоғыз қабатты нысан институт, колледж студенттері мен қаладағы кәсіпорын жұмыскерлеріне арналған.

Заманауи жаңа жатақхана өнеркәсіп аумағында орналасқан. Бұл  өндірістен қол үзбей, техникалық мамандарды оқытып, дайындауға  тиімді. “Allur” автозауыты қолға алған кампус түріндегі  жатақхана құрылысының ауқымы кең. Жер телімімен қоса есептегенде, жалпы аумағы 13,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Тоғыз қабатты нысанда шамамен 250-300 адам тұратын болады. Әрқайсының жеке ас үй, жатын, жуынатын бөлмесі бар.

– Компания басшылығы кампус-жатақхананы студенттер мен жұмыс-
керлерге барынша жайлы ету жасау туралы шешім қабылдады. Яғни, мұнда тұрғын үйден бөлек, сауықтыру-демалу кешені болады. Болашақта басқа да мекемелер қосылып, академиялық қалашыққа айналуы мүмкін. Өнеркәсіп аумағы кеңейіп келеді. Жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Сондықтан қазірдің өзінде аса қажет кадр мәселесін шешудің бұл ең тиімді жолы, – дейді “Allur”  автозауытының қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Ерлан Төлетаев.

Жобалаушылардың айтуынша, кампустың ішінде кітапхана, компьютер сыныбы, медицина пункті, тренажер залы жабдықталады. Ал сыртында жүгіру жолы бар футбол, баскетбол алаңдары салынады.

 

Жаңалықтармен бөлісу