Биыл Арқалық қаласында көпқабатты үйлерді жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлінді

Биыл Арқалық қаласында көпқабатты үйлерді жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлінді

Биыл Арқалық қаласында көпқабатты үйлердің сыртын бояуға және төбесін жөндеуге облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Осы қаражатқа қаладағы 14 көпқабатты үйдің сыртын бояу, 10 үйдің төбесін жөндеу қарастырылған.

Бүгінде үйлердің сыртын бояу жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, Ғ.Қайырбеков көшесіндегі №23 үйдің сыртын бояу толығымен аяқталып, құрылысшылар енді осы көшедегі №70 үйдің қолға алды. Құрылыстың жай-жапсарына тоқталар болсақ, алдымен үйдің сыртқы бетон қабырғаларының жіктері сыланып, содан кейін барып бояу жұмыстарына кезек беріледі.

– Қаламыз жылма-жыл көркейіп келеді. Былтыр ауламызға балалардың ойын алаңын және көше тренажерлерін орнатып берді. Биыл үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көптен сүреңсіз болып тұрған көпқабатты тұрғын үйлердің сырт келбетінің толықтай жаңартылуы көңілге қуаныш ұялатады, – дейді қала тұрғыны Қымбат Қабденова.

Қазір Шақшақ Жәнібек көшесі №75, Е.Әуелбеков көшесі №24 үйдің сыртқы шелдерін жабу жұмыстары мәресіне жетті. Құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімі – 45 күн.

Келісім-шарт бойынша мердігерлер 3 жыл ішінде боялаған үйлердің түсі кеткен және қандай да бір ақау болған жағдайда қалпына келтіреді. Іске кіріскен компания Жезқазған, Қостанай қалаларынан.

Осылайша, мамырдың алғашқы аптасында-ақ қалада 4 көпқабатты үйдің сыртын бояу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Жаңалықтармен бөлісу