Полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде тұрғын үйдің кіреберістерінің бірінде 39 жастағы жергілікті тұрғынды есірткімен ұстады.
Ол қолға түскен кезде ауыз қуысына жасырған 18 zip-пакет синтетиканы түкіріп тастады.
“Күдіктінің пәтерін тексеру, тінту кезінде жабысқақ таспамен оралған тағы 111 пакет таптық. Рудный қаласының тұрғынынан жалпы салмағы 29 грамнан асатын 129 мефедрон орамасы тәркіленді, – деді Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Аят Картбаев.
Полицейлердің айтуынша, қылмыскер әр жолы үйден аузына есірткі салынған пакеттерді алып шығып отырған. Ол сыртынан ешкім бақыламайтынына әбден көз жеткізгеннен кейін ғана” тауарын” тиісті жерге жеткізіп отырған.
Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ведомствода ер адам бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғанын атап өтті.