Мемлекеттік басқару жүйесінде тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлағалы отырмыз. Еліміздің саяси өміріндегі тарихи маңызды сәтті Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов аса бір жауапты кезең деп бағалап отыр.
«Қазақта көне заманнан келе жатқан Құрылтай деген ұғым бар. Ұлы дала төсін мекен еткен ата-бабамыз келелі мәселені Құрылтай жиынында шешетін болған. Ежелгі атау қайта жаңғырып, бүгінгі заманға оралып отыр. Мен оған өте қуаныштымын. Бір палаталы Парламент құру бастамасының өзегінде халық және оның өмір сапасы, қауіпсіздігі тұр. Сондықтан Құрылтай биігінде нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отырады деп сенемін. Ол үшін әр азамат саяси науқанға белсенді баруы тиіс. Дауыс беру – ең біріншіден біздің құқығымыз. Әсіресе, елдің болашағы жастардың сайлау рәсіміне қатысқаны маңызды. Құрылтай сайлауының нәтижесінде сауатты, патриоттық сезімі мол, көбі жастар билікке келеді деп зор сеніммен қараймын. Президенттің бүгінгі бетке алған бағыты өте дұрыс. Сондықтан қоғам болып Мемлекет басшысының бастамасына үн қосып, саяси оқиғаларға араласып отыруға тиіспіз. Әсіресе жастар елдің болашағына бей-жай қарамауы керек», – дейді Еңбек Ері.

Сайран Бұқанов ел өміріндегі барлық саяси рәсімдерге белсенді қатысып келеді. Әсіресе сайлау науқандарында алғашқылардың бірі болып бой көрсетуді әдетке айналдырған.
«Ауылда менен ерте тұратын адам жоқ. Мен таңғы сағат 5-те тұрамын. Сағат 6:00-де серуендеп, бой сергітемін. Содан кейін мәдениет үйінің базасында орналасқан сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасаймын. Осынау әдет мен үшін мызғымас дәстүрге айналды. Еліне жанашыр әр адамның санасы сергек, саяси белсенділігі жоғары болғаны абзал»,-деді ол.
Қымбат ДОСЖАНОВА
