Ел үмітін үкілеп отырған Құрылтай сайлауына облысымыздың шалғайдағы өңірлердің бірі Жангелдин ауданы да сергек көңілмен, ертеңге деген нық сеніммен үлестерін қосуда.

Аудан бойынша 23 сайлау участогі науқандық жұмысқа екпінді жұмылған. Сайлау учаскелері уақытымен ашылып, тұрғындардың таңдау жасауына барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Сайлау барысы ауданға қарасты ауыл және ауылдық округтерде де жолға қойылып отыр. Елмен бірге ертелетіп дауыс бергендердің қатарында Ақшығанақ ауылының тұрғыны, елдің сыйлы ақсақалы Сәбит Байназаров та бар.
«Еліміздің келешегі үшін таңдауымызды жасап жатырмыз. Ұрпағымыз бақытты өмір сүрсін деп өз үнімізді қосып жатырмыз. Еліме гүлденген келешек тілеймін», – дейді 88 жастағы тыл ардагері.

Өз таңдауларын жасап үлгірген ауыл тұрғындарының қатарынан Ербол, Айбол атты егіздерді де көруге болады. Ағайынды Байжановтар №298 сайлау учаскесінде аналары Роза Шоңғаловамен бірге азаматтық таңдауын жасады.
Мұрат Жүнісұлы
Жангелдин ауданы
