Қазақстан Республикасында прокуратураның қызметі Конституциямен, “Прокуратура туралы” Заңмен және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексімен реттеледі. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ заңнаманы сақтау мәселелері бойынша прокуратураға жүгінуге құқылы.
“Прокуратура туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, прокуратура органдары жолданымдарды қарайды:
– физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де жағдайларға байланысты өзін қорғай алмайтын адамдардың, кәмелетке толмағандардың және адамдардың шексіз тобының мүддесі үшін;
– егер адамдардың мүдделерін қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не мұндай орган болмаған жағдайларда;
– жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге, мемлекеттік және өзге де органдар тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуға әкеп соғатын заңдылықты бұзу фактілері бойынша;
– Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерді болғызбау мақсатында;
– Қазақстан Республикасы Президентінің және Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша.
Прокуратура органдарының құзыретіне қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, Қылмыстық-атқар узаңнамасында, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада, сондай-ақ қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметі салаларында, заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы белгіленген тәртіппен жолданымдарды қарау да жатқызылды.
Жолданым Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 63-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда (өтініште жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, пошталық мекенжайы, заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, БСН, өтініш берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы, өтініштің мәні, берілген күні, жолданым иесінің немесе оның өкілінің қолы көрсетіледі. заңнамада көзделген өзге де мәліметтер) өтініш берушіге оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзім белгіленеді. Егер жолданым сәйкес келмесе, онда мұндай жолданым иесіне қайтарылады. Бұл ретте жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.
Иесі бүркемеленген жолданымда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не ұлттық, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатер туралы мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда, мұндай жолданымдар қаралуға жатпайды.
Прокуратура органдарына келіп түсетін жолданымдар қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қаралады.
Бұл ретте прокуратура органдары қадағалауды жүзеге асыру кезінде өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды. Сондықтан қаралуы прокуратура органдарының құзыретіне кірмейтін жолданымдар бұл туралы жолданым иесіні хабардар ете отырып, тиісті мемлекеттік органға жіберіледі. Жолданымды қарау нәтижелері бойынша жолданым иесіне дәлелді жазбаша жауап беріледі. Жолданымды қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайларда жолданым иесі жоғары тұрған прокуратураға не сотқа жүгінуге құқылы.
Прокуратураға жолданымды төмендегі әдістердің бірімен беруге болады:
– прокуратура кеңсесі арқылы қолма-қол;
– жолданымды пошта арқылы жіберу;
– электрондық үкіметтің бірыңғай порталы арқылы (eGov.kz);
– “Е-өтініш” ақпараттық жүйесі арқылы;
– Бас прокуратураның Call-орталығы арқылы кез келген телефоннан 115 тегін нөміріне қоңырау шалу арқылы.
Бұдан басқа, әрбір азамат күн сайын жұмыс уақытында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жеке қабылдауға қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша жүгіне алады.
А.Рахимова,
Қостанай гарнизоны
әскери прокуратурасының прокуроры