Республикалық команда-штаб оқу-жаттығуларының екінші кезеңін ТЖМ вице-министрі Рамиль Камалов арнайы барып көрді. Сондай-ақ ол облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен қостанайлық құтқарушылардың су тасқыны қаупіне қарсы даярлық барысымен танысты.
Екі күнге ұласатын оқу-жаттығу жиындарының Қостанайда өткізілуі кездейсоқ емес. Өздеріңізге мәлім, Тобыл-Торғай өңірі былтыр алапат тасқынынан зардап шеккен еді. Табиғаттың тосын мінезімен күресу, салдарын жою оңайға түскен жоқ. Тұрғындарға орасан зор шығын келіп, елдің малы мен салы суға кетті. Өкініштісі, біздің облыс биыл да қауіп төніп тұрған жеті өңірдің қатарында бар. Сондықтан қамданысқа мейлінше мән берілуі керек. Оқу-жаттығу осы себептен өткізіліп отыр.
«Мұндай шараны жыл сайын ұйымдастырамыз. Практикаға көбірек бағытталған оқу-жаттығудың мақсаты – жоспар мен міндеттерді айқындау, қолда бар алгоритмді жетілдіру, республикалық, облыстық және аймақтық деңгейде кәсібилікті шыңдау. Ал енді «Қазгидромет» болжамынша, осы облыста қауіп-қатер жоқ емес. Қарасу ауданын және Тобыл өзенін бақылауда ұстап, болжалды мәліметтерді сараптап жатырмыз. Әлі көктем келмегендіктен, нақты жағдайдың қалай боларын нақты жорамалдау да қазір оңай емес. Қолда бар деректер бойынша, ылғал қоры былтырғыдан төмен. Бірақ мониторингті жалғастырып, қажетті шараларды қабылдай береміз», – дейді вице-министр.
Бұдан соң Рамиль Камалов пен Құмар Ақсақалов сапқа қойылған арнаулы техникалармен, құтқару операциясына қажет құрылғы-жабдықтармен, азаматтық қорғау қызметтерінің даярлық жұмыстарымен толық танысып шықты.
Кейін оқу-жаттығудың практикалық бөлігі назарға ұсынылды. Алдын ала құрылған сценарий бойынша, Тобыл өзенінде ойыққа түсіп кеткен балықшылар құтқарылып, мұз астына кеткен жеңіл көлік тысқа шығарылды. Мұз жару шаралары көрсетіліп, таяу маңдағы ғимараттан шыққан өрт сөндіру амалдары назарға ұсынылды. Сондай-ақ вице-министрге жағалауға орнатылған эвакуацияланған тұрғындарға арналған шатырлар алаңы көрсетілді. Мұнда тігілген әр тұрақ жиырма адамға шақталған. Басында асхана, медициналық көмек көрсету нүктесі, жуыну орны және әкімшілік қостары бар. Оқу-жаттығу ертең жалғасын табады.
Айта кетерлігі, оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Қостанайда орналасты. Қаламыз бекер таңдалып отырған жоқ. Аса ауқымды апатқа душар болған облыс ретінде біздің өңір ерекше бақылауда ұсталады.
Оқу-жаттығу шеңберінде Қостанайдан бөлек, екі күн бойы Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында төтенше жағдайды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау мақсатындағы командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтері және азаматтық қорғау құрылымдары практикалық шаралар өткізеді.
Толығырақ – газетіміздің алдағы санында.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ