Облыстық Ілиясов Омаров атындағы қазақ драма театры жиырма бесінші маусымын Мұхтар Әуезовтің “Қараш-қараш оқиғасы” драмасымен ашқалы отыр. Режиссері Әуезов театрының маманы Алена Қабдешова.
Сценографы ретінде осы саладағы республикалық барлық номинациялардың гран при иегері Гүлнара Қанафина шақыртылды.
Атап айту керек, биыл қазақ театры үшін көптеген қуаныштарға толы жыл болды.
“Әртістеріміздің баспана мәселесі облыс әкімідігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен оң шешімін тауып отыр. Жасыратыны жоқ, өнер адамдарының материалдық жағдайы дұрыс болатын болса, көрермендерді қуанта беруге әрдайым дайынбыз”, – дейді бұл туралы театр директорының міндетін атқарушы Асхат Зауатбек.
Театр ұжымы арт кеңістікке айналуды түбегейлі мақсат етіп отыр. Гастрольдік сапарға шығып, фестивальдерге қатысу мүмкіндігін арттыра түспек.
“Біздің театр қазан айында Перм қаласында өтетін фестивалге жолдама алды. Ұжымымыз Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” спектаклімен жолға шыққалы отыр. Ол жерде Жапония, Белоруссия, Армения , Сербия, Иран, Ресей мемлекеттерінің ірі театрлары додаға түсіп, актерлеріміз ел намысын қорғайтын болады”, – деп атап өтті театр директорының міндетін атқарушы.
Өнер ұжымы бұдан бөлек ірі фестивальдермен келісім жүргізіп жатыр. Араб, Еуропа елдерінде болатын додаларға театр өнерпаздарын алып баруды көздейді.
“Қазір репертуарды нақтылап жатырмыз. Болашақта репертуарлық, кассалық, феставалдық бағытта жұмыс істеп, көрермендерге тосынсый арнағалы отырмыз”, – дейді Асхат Мұратұлы.
Еліміздегі ірі туристік Burkit Travel компаниясы арқылы үздік көремендерге демалыс саяхаты үшін алты жолдама беріледі.
Ұжымның демеушісі “Форте банк” он жылға өзінің сим картасын ұсынып жатыр. Демек, үздік көрермендер осы ұсынылған Beeline сим картасын он жыл бойы абоненттік төлем жасамай пайдалана алады.
Театрдан елу адамдық камералық сахна ашу жоспары бар. “Баян сұлу” акционерлік қоғамымен бүлдіршіндер арасында “Айналайын” акциясы ұйымдастырылмақ.
“Театрымыз биылдан бастап Қостанайдағы үш ірі компаниямен тығыз байланыста. “Форте банк”, “Баян сұлу” АҚ, “Село лесное” компанияларымен түрлі іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Демеушілеріміз біз ұйымдастыратын кез келген мерекелерді, акцияларды үнемі қолдап отырады”, – дейді ұжым басшысы өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Былтыр бұл театрда 128 қойылым көрсетілгенін айта кетейік. Көрермендер саны 15 мыңнан астам адамды құрады. Олардың жеті мыңнан астамы балалар. Театр осы маусымда он жаңа актермен толықты. Олардың дені Астанадағы “Шабыт” өнер университеті колледжінің түлектері.
Айбек ЖҮЗБАЙ